МАҚСАТ – ХАЛЫҚ СЕНІМІН АҚТАУ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Билік, Қаржы саласы, Қоғам, Экономика
30/11/2020
14 Views
2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдаған Жолдауы қоғамды толғандырған мәселелердің бәріне жауап берді деуге болады. Жолдаудың басты артықшылығы осы, яғни елдің талап-тілегімен үндестігі. Олардың қатарына пандемия кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнеске субсидия берілетінін, ішкі жалпы өнімде оның үлес салмағын 35 пайызға дейін жеткізу,«ҚазАгро» мен «Бәйтерек» ұйымдарын біріктіру шарттылығын, соған сәйкес қызметкерлер саны 50 пайызға қысқаратынын, азаматтардың тұрғын үй, білім алу және емделу мақсатына зейнетақы қорына жинақталған қаржысының белгілі бір бөлігін пайдалану мүмкіндігін иеленуін, тағы да басқа көптеген тартымды жаңалықтарды жатқызуға болады.
Мемлекет басшысының «Жер шетелдіктерге сатылмайды, алайда, ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға түсіру шаралары іске асады» деген сөзі көңілдегі күмәнді кері серпіп, сенімді нығайта түсті. Ел ертеңін ойлауға қатысты пайымның парасаттылығы осылай бой көрсетсе керек-ті. Мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақы көлемінің өсуі, көшелерді әр жыл сайын қайталап жөндей беретін келеңсіздікке тосқауыл қойылуы, мәслихат отырыстарының онлайн-режимге көшірілуі және өзге де жаңалықтар – қуана құптарлық шешімдер. Алдағы бір жылдық кезеңге арналған толымды істер мен нақты әрекеттердің бағдары іспетті құжаттың құндылығы оның сараптамалық-талдамалық мазмұнының аса қанық сипатымен айшықталады.
Шын мәнінде бұл құжат өзекті де көкейкесті мәселелерді көтерген үлкен мазмұнды бағдар болып отыр. Мемлекет басшысы пандемияға байланысты қиын жағдайда мемлекеттің жұмысына ашық әрі адал баға берді. Бірқатар іргелі бағыттар бойынша жол көрсетті. Президент мемлекет пен қоғамның ең өзекті проблемалары бойынша шешімдер кешенін топтастыратын жаңа реформалар жоспарын ұсынды. Бұл мәселелер көптеген адамды толғандырады. Олар айтылып та, талқыланып та жатыр. Президент Жолдауының мысалынан-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін көріп отырмыз.
Мемлекет басшысы ең алдымен жалпымемлекеттік шаралардың негізгі бағыттарын 11 ірі блокқа бөле отырып айқындап берді. Соның ішінде экономика, мемлекеттік басқару, аумақтық даму, цифрландыру, білім беру, денсаулық сақтау, экология, құқық қорғау жүйесі, әлеуметтік саясат, жаңа қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру мен саяси реформалар тақырыбы бар. Алдағы уақытта аталған салалардың барлық бағыттары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев отбасы мәселесіне қатысты дәйекті деректерді жариялады. Елімізде осы саладағы жағдай өкінішке қарай жыл сайын нашарлай түсуде. Ажырасудың, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, нәресте сүйе алмаған ерлі-зайыптылардың саны артып келеді. Сондықтан ел Президенті Жолдауда бұл салаға айырықша тоқталып, бала күтімін мемлекеттік деңгейдегі бірінші кезектегі міндет ретінде белгіледі. Яғни, бала тәрбиесі мен олардың әл-ауқатын арттыру мәселесі барлық мемлекеттік органдардың басты міндетіне айналады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Шынында да, Мемлекет басшысының әр сөзінің астарында зерделі көзқарас пен биік парасаттың көрінісі мен мұндалап тұр. Барлық бағыттарды қамтитын әр тапсырманың тамырында іргелі негіздеме мен қапысыз қисын жатыр. Қысқасы, жаңа Жолдауды жағымды бастамалар жиынтығы ретінде қабылдауға толық негіз бар. Оның жүйелі жүзеге асырылуы – елдің ертенгі күні кемелдене түсуінің кепілі. Жолдауда айтылған мақсаттарды орындау да үлкен игілікке жетелейтін сындарлы, замануи жоспар. Ондағы көрсетілген кешенді шараларды жүзеге асыру Қазақстанды әлемдегі өмір сапасының жоғары стандарттары бар жетекші мемлекеттер қатарына қосуға мүмкіндіктер береді.
Қадыр СӘРСЕКБАЕВ,
Мақтаарал аудандық мәслихаттың хатшысы.
Жолдауға қолдау 2020-11-30