ӘРБІР БАЛА БАҚЫТТЫ БОЛУҒА ЛАЙЫҚ!
Posted by: Қалмұрат
in Жаңалықтар, Жас буын, Құттықтау, Мерекелік шара, Руханият
01/06/2022
34 Views
Бүкіл әлемде «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» ретінде аталып өтіп, ескі халықаралық мейрамдардың бірінен саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды. Ал 1950 жылы алғашқы рет аталып өткен халықаралық балаларды қорғау күні БҰҰ тарапынан қолдау тауып, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.
Бұл күн болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес. Өйткені, біздің болашағымыз саналатын әр бала дүниеге келген соң бақытты болуға лайықты.
Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев қатысқан Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне арналған аудандық іс-шарада бүлдіршіндерге ізгі тілектер айтылып, төл мерекелерімен құттықтады. Аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ ұйымдастыруымен мектеп жасындағы балалар арасында суреттен байқауы мен спорттық сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Басты мақсат – жылына бір келетін мерекеде балаларға шат-шадыман көңіл-күй сыйлап, қуаныштарымен бөлісу болған шарада аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің демеушілігімен тегін балмұздақтар таратылды.
Мерекелік шара барысында дайындалған концерттік бағдарламада өнерлі балғындар ән шырқап, би биледі, бақытты балалық шақтың дәмін сезінді. Әрине, ата–аналардың да мерекелік шараны ұйымдастырушыларға айтар алғыстары шексіз болды.
Жаз мезгілінің алғышқы күнімен бірге ілесе келетін халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі ауданның барлық өңірлерінде кеңінен аталып өтіп, түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Сыйлықтар табыс етілді. Бұл күні бірде-бір баланың тілегі орындаусыз қалған жоқ деуге де болады.
Бауыржан НАЙМАНОВ,
Жетісай ауданы.
2022-06-01