АТАЛАР СӨЗІ ҰРПАҚҚА АМАНАТ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Білім саласы, Дін, Жас буын, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
07/06/2023
4 Views
Халқымызда: «Қарты бар ел – қазыналы ел», «Ақсақалы сиреген ауылдан ар-иман қашады»,-деген қанатты сөздер бар. Ертеден-ақ белгілі, қазақ халқы сөзге тоқтаған ел. Сөз құдыретін біліп, «Сөз сүйектен өтеді» деген нақылдар халық арасында кеңінен етек алады. Қазақ халқы «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуі атадан балаға мирас болып, ізін жалғастырып келе жатқандығы тағы бар.
Осы орайда қазақтың бетке ұстар қазыналы қариялары, би-шешендері жайлы сөз қозғамай кету жөн болмас. Қазақтың шамшырағы данагөй қария үш биі бар. Олар ұлт мүддесі үшін, халық арасында туындаған келеңсіз жайттарды шешіп, ақыл айтып, ел арасындағы татулық пен бірлікті ту етіп, жөн сілтеп отырған. Қаз дауысты Қазыбектің мынадай шешендік сөздері бар: «Біз қазақ деген – мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт – береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, дәстүрімізді сақтай білген елміз»,-деп Қазыбек би бабамыз айтқандай, ен даланы жайлаған, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының өзіне тән, өзге ұлттардан ерекшелейтін салт-дәстүрлері бар. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып атадан балаға қалып отыратын мол мұра. Халық тәрбиені балаға ана құрсағында жатқанынан бастайды. «Атадан қалған асыл сөз» шешен, билердің сөздері болашақ жастар үшін сарқылмайтын қазына.
Қаймағы бұзылмаған қазақы ғұрып тұрғысынан қарар болсақ, ата-әженің қоғамдағы рөлі өлшеусіз. Олар – ауылдың ұйытқысы, отбасы мен ошақ- қасының берекесі. Жүгенсіз кеткен жастарды жөнге салып, ыдыс-аяғы сылдырлаған шаңырақты қайта түзеуші, ренжіскен ағайынды татуластырып, ел-жұрттың бүтіндігін сақтаушы.
Ата-әже – ұрпақ тәрбиешісі ғана емес, отбасындағы барлық берекелі істің бастауы, жақсылықтың ұйытқысы болып табылады. Тәрбие ісіне үлкен кісілер араласқан жерде түсініспеушілік деген орын алмайды. Қариялар – ұлттың ұлт болып қалыптасуына, салт-дәстүрдің сақталуына, жас ұрпақтың дұрыс бағыт-бағдар мен тәлім-тәрбие алуына, дін мен ділдің, тілдің, басқа да асыл құндылықтарымыздың сақталуына, елдің бірлік пен ынтымақта өмір сүруіне бірден бір себепкер екені даусыз.
Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған. Ал оған ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даналық. Сондықтан да «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе»,-деген еді жазушы Мұхтар Әуезов.
Бүгінгі отбасындағы бала тәрбиесіне келер болсақ, уақыттың ағымына орай үлкен өзгеріске ұшырап жатқаны жасырын емес. Бала ата-анадан гөрі теледидар мен ғаламтор тәрбиесін көбірек алып жатыр десек болады. Сонда біз болашақ ұрпағымызды тәрбиелерде нендей бағыт ұстауымыз қажет деген ой көкейге ұялайды. Осы жолда бұрынғы дана Абайды тәрбиелеген – Зере әже, Шоқанға тәлім берген – Айғаным ананың тәрбиесін үлгі-өнеге етуге болады. Яғни, біз балаға ертегі айта отырып, жырларды жаттатқызып, салт-дәстүрімізді бойына сіңіртіп өсірсек, тәрбие дұрыс жолға негізделері анық.
Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Біздің тәрбиеміз ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, атаның қасиетті сөздерінен бастау алады. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу әрқайсысымыздың борышымыз.
А.ҚҰРМАНБЕК, Теолог маман.
2023-06-07