ЕСЕПТЕ ТҰРАТЫНДАРҒА БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ҰСЫНЫЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Қылмыс пен жаза, Өзекті мәселе, Пробация қызметі, Саясат
20/06/2023
5 Views
Біздің мемлекетімізде пробациялық есепте тұратын азаматтар, еліміздің басқа да тұрғындары секілді қажетті әлеуметтік жеңілдіктерге ие. Яғни, олар қажет кезде тегін медицналық көмек алу мен өз мамандықтарына сәйкес жұмысқа орналасу секілді мүмкіндіктерге құқылы. Біздің ауданымызда осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ жуырда аудандық мәслихаттың ғимаратында пробациялық есепте тұратын азаматтар үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдатырылды.
Оған аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова төрағалық еткен іс-шараға аудан прокуратурасының аға прокуроры Жеңіс Сәрсенбай, ауданның халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Жақсыбек Тоқбергенов, аудандық пробация бөлімінің бастығы Нартай Сабаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гүлнар ханым мен пробация есебінде тұрған азаматтар қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары А.Ешанқұлова мен аудан прокуратурасының аға прокуроры Жеңіс Сәрсенбай есепте тұратын азаматтарға мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтар туралы айтып, жұмыспен қамтылған азаматтарға ҚР Заңдапры аясында түрлі әлеуметтік төлемдер де аударылатынын ескертті. Сонымен қатар, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға мемлекет тарапынан 2,5 пайызбен 3 миллион теңгеге дейін кредит беріліп отырғанын, сол мүмкіндіктен айырылып қалмауға шақырды.
Бүгінгі таңда ауданда жалпы саны 107 азамат пробациялық есепте тұрады. Жәрмеңкеде осы азаматтарға мемлекеттік және жекеменшік мекемелерден жалпы түрлі жұмыс орындары ұсынылды. Осындай тиімді іс-шараның нәтижесінде 6 азамат ұсынылған жұмыс орындарына жұмысқа орналасса, қалған азаматтар кенттер мен ауылдық округі әкімі аппараттарындағы ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылатын болды.
Қ.ДӘУЛЕТБАЕВ, Мақтаарал ауданы.
2023-06-20