«ШАҢ БАСҚАН АРХИВТЕРДЕН ТАБЫЛАРМЫЗ… »
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Қоғам, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
20/06/2023
10 Views
Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің жеке текті құжаттар топтамасындағы «1941-1945 жылдарғы ҰОС ардагерлерінің», ауданымызға еңбегі сіңген «Еңбек ардагерлерінің», «Ауған соғысы ардагерлерінің» жеке текті құжаттарының құрамы жыл санап молайып келуде. Біз сол кісілердің арасынан оқырман қауым жақынырақ танысып біліп жүрсін деп еңбектері ерекше еленіп, халық арасында атақ-абыройы мол ардагерлердің өмірбаяндарын жариялап отырамыз. Бүгін Сіздердің назарларыңызға Жетісай өңірлік мемлекеттік архиві 255-қор, 21-тізімдемеде мемлекеттік сақтауда тұрған «Еңбек ардагері» «Мақтарал ауданының Құрметті азаматы» ел арасында құрметі жоғары болған Жаңабаев Сапаралы ақ сақалдың өмірбаянын ұсынып отырмыз.
Мен Жаңабеков Сапаралы, 1934 жылы 20-июнде Мақтаарал ауданының Абай атындағы колхозында дүниеге келдім. Осы жердегі Жамбыл атындағы орталау мектебін бітірген соң Ы.Алтынсарин атындағы онжылдық мектепті бітірдім. Содан кейін колхозда колхозшы, Жамбыл орталау мектебінде аға пионерважатый болып қызмет істедім.
1956 жылы Ташкент қаласындағы 2-жылдық милиция мектебіне түсіп, 1958 жылы бітірген соң Мақтаарал ауданының ішкі істер бөлімінде әуелі учаскелік уәкіл, паспорт столының бастығы, тергеуші, оперативник қызметтерінде үздіксіз жұмыс істедім. 1962 жылы Коммунистік Партия (КПСС)-мүшелігіне өттім. 1969 жылдан 1985 жылдың май айына дейін осы Мақтаарал ауданының ішкі істер милиция бөлімін басқарып, зейнеткерлікке шыктым. Ташкенттегі милиция мектебінен келгеннен 1958-1985 жылдар аралығында ешқайда ауысқан жоқпын.
Қызмет істеп жүргенімде үздіксіз аудандық Кеңеске (советке) депутат, атқару комитеттің (исполком) мүшесі және аудандық партия комитетінің пленумына мүше болдым. Милицияда қызмет істеп жүргенімде адал, үздік еңбектерімді ескеріп Ішкі істер министрлігінен және ішкі істер басқармасынан екі рет «:здік милиция қызметкері» деген белгімен (значек), Жуков және Лениннің 100-жылдық медалімен, «Еңбек ардагері» және милицияда адал, үздік қызмет атқарғанымды ескеріп «Милицияның 15,20,50-жылдығы» медалдарымен, грамоталармен және құнды-бағалы сыйлықтармен марапатталғанмын.
Мақтаарал аудандық маслихатының қаулысымен «Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы» деген атақ берілді. Қазіргі кезде Атакен қалышығындағы Театральный көшесінің № 3 үйінде тұрамын. 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірдім, барлығы үйлі-жайлы, балалы-шағалы болып кеткен. Аллаға шүкір 28-ден астам немере-шөберелерім бар.
Сапаралы Жаңабеков. Қолы. 20 қараша 2003 жыл.
Сапаралы атамыздың арамыздан кеткеніне бірнеше жыл болса да ел арасында, халық арасында есімі мәңгі сақталады.
Бұл біздің архивте сақтаулы тұрған жүздеген ардагердің біреуінің ғана өмірбаяны, қаншама қиында да қызықты тағдырлар архив қоймаларында сақталуда. Дегенмен әліде болса халыққа еңбегі сіңген, ҰОС басынан өткізген көптеген ата-әжелеріміздің жеке өміріне байланысты құжаттары архивке түспей отыр.
Құрметті аудан тұрғындары! Ұлы Отан соғысына қатысқан және «Еңбек ардагері» медалін алған әке-шеше, ата-әжелеріңіз болса жеке текті құжаттарын Мақтаарал ауданы, Атакент кенті, Лабораторная көшесі, №2А үйде орналасқан Жетісай өңірлік мемлекеттік архивіне тұрақты мемлекеттік сақтауға тапсыруларыңызды сұраймыз.
П.КАДЫРБЕКОВА,
Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің архивисі.
2023-06-20