«ЖАСЫЛ КҮНҚАҒАРЛЫЛАР» ТӨЛ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Анонсы, Жаңалықтар, Мерекелік шара
19/08/2023
13 Views
18 тамыз – Шекарашы күні. 1992 жылдың тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, ҰҚК Шекара қызметінің қабырғасы құрылған болатын. Содан бері бұл күн шекарашылардың төл мерекесі саналып келе жатқанына биыл 31 жыл толып отыр.
Осыған орай, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен, Алматы қаласындағы Каспи университетінің мәдениет үйінде «Шебі берік шекара – ҰҚК Шекара қызметі» атты мерекелік шара өтті.
Шекарашылар мен олардың жанұя мүшелерінің басын қосып, тамаша көңіл сыйлаған мерекелік концерт Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник А.Каюпов ҰҚК Төрағасының және Шекара қызметі директорының құттықтауларын жеткізген соң басталып кеткен.
Сондай-ақ бүгінгі шараның шырайын Алматы облысы бойынша департаментінің қамқорлығындағы «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубы мүшелерінің ант қабылдауы да кіргізе түскен.
Мерекелік кеште өнер жұлдызы Жолбарыс Сейфуллин бастаған еліміздің танымал әншілерімен бірге ҰҚК Шекара академиясының талантты курсанттары, ҚР Қорғаныс министрлігінің Десанттық-шабуылдаушы Әскерінің «Қанатты гвардия» тобы өнер көрсетті. Көпшілік сүйіп тыңдайтын заманауи әндермен бірге шекарашылар шығармашылығы орындалды. ҰҚК Шекара қызметінің ардагер әншісі Зәмзәгүл Кенжебаеваның орындауындағы «Шекара вальсі» көрермендердің көзайымына айналғанын айтуымыз керек.
Арасында әдемі әзілдермен әрленген кеш шекарашыларға жасалған тамаша сыйлықтар болды.
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша
департаментінің баспасөз қызметі.
2023-08-19