БИЫЛ 45 АУДАН ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ҚАЛАЛАРДЫҢ ӘКІМДЕРІ ТІКЕЛЕЙ САЙЛАНАДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Билік, Өзекті мәселе, Саясат
18/09/2023
2 Views
5 қараша күні Түркістан облысында бізбен көршілес Шардара, Мақтааралмен бірге Бәйдібек және Созақ аудандарында әкім сайлауы өтетін болады. Бұл туралы 18 қыркүйекте Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жеңіс Мақұлбаев хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында биыл пилоттық түрде республикалық маңызы бар қала және аудан әкімдерінің сайлауы өтетінін мәлімдеген болатын. Осы ретте 2023 жылдың 11 қыркүйегінде өткен Түркістан облыстық мәслихатының сессиясында өңірдегі әкім сайлауы өтетін аудандар белгіленген болатын.
— Аудан әкімі сайлауына кандаттарды ұсыну 16 қыркүйек пен 5 қазанда аралығында өтеді. Кандидат ҚР азаматы болуы және 25 жастан төмен болмауы керек. Сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс. Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 10 қазан мен 4 қараша аралығында жүреді. Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Кандидатты саяси партия не азамат өз-өзін ұсына алады. Сайлауға қатысу жарнасы 350 мың теңге. Түркістан облысында 941 сайлау учаскесі бар. Қазір барлық учаскелерде дайындық жұмыстары жүріп жатыр, –деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.
Кандидаттарға қойылатын талаптар:
Өзін-өзі ұсынған кандидат сайлауға қатысуы үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын сайлаушылардың кемінде бір пайыз қолын жинауы керек. Кандидаттар заңда белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарналарын енгізуге тиіс. Егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат әкім болып сайланса немесе дауыс беру қорытындылары бойынша кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының кемінде бес пайызын жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарналар кандидатқа немесе саяси партияға қайтарылады. Қалған жағдайларда сайлау жарнасы кандидатқа қайтарылмайды.
Сондай-ақ тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырады. Егер мәліметтер бұрыс не анық болмаса, аумақтық сайлау комиссиясы кандидатты тіркеуден бас тартуға құқылы.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлау науқанын өткізудің жалпы кезеңі шамамен 60 күн, оның ішінде сайлау қорытындыларын шығаруға және нәтижелерді белгілеуге бөлінген күндерді есептемегенде 50 күнді құрайды.
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдеріне кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы және 25 жастан төмен болмауы, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Кандидат еңбек өтілі бойынша талаптардың 11 нұсқасының бәріне де сәйкес келуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті емес. Мысалы, кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде орташа жылдық штат саны кемінде елу адам болатын орта кәсіпкерлік субъектілерінің не коммерциялық емес ұйымдардың басшы лауазымдарында кемінде екі жыл жұмыс өтілі немесе Президенттік жастар кадрлық резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі және тағы басқалар болуы мүмкін.
Сайланатын әкімнің өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Бір адам қатарынан екі реттен артық аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі болып сайлана алмайды. Сонымен қатар аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихаттарына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарау жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Бұл жағдайда мәслихат депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен әкімге сенімсіздік білдіруге және жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметтен босату туралы мәселе қоюға құқылы.
Сонымен қатар, кандидаттарды ауыл әкімдерін сайлау үдерісіндегідей, яғни тіркелген саяси партиялар және жоғары тұрған әкім ұсына алады. Егер ұсыну мерзімі аяқталған кезде бір ғана кандидат болса, оған балама ретінде облыс әкімі екінші кандидатты ұсына алады. Ал кандидаттар мүлдем болмаса, онда облыс әкімі екі кандидатураны ұсынады.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда республикамыздың аумағында 190-ға аудан бар десек, пилоттық жоба аясында олардың 25 пайызындағы әкімдер қызметке халықтың қалауымен келеді. Ал 2025 жылдан бастап еліміздегі барлық ауданының әкімдері сайланады. Сол себепті биыл көрші аудандарда жүзеге асып отырған әкім сайлауларының қалай жүзеге асқанын жіті бақылап, оңдағы оң нәтижелер мен қатар кемшіліктерден сабақ алу ауданымыз үшін пайдалы болар еді деп ойлаймыз.
Ұлжан СӘБИТҚЫЗЫ, журналист.
Аудан әкімдерін сайлау 2023-09-18