ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Posted by: Қалмұрат
in Business, News, PRESS RELEASE, Кәсіпкерлік, Өзекті мәселе, Саясат, Экономика
21/09/2023
2 Views
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қыркүйектегі «ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒДАРЫ» атты ел халқына арнаған кезекті Жолдауында маған бірінші кезекте ұнаған жері – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырғаны болды. Себебі, біздің өңірімізде ең төменгі жалақымен жұмыс істейтін азаматтар көп. Ал Президентіміздің бұл тапсырмасы – сол төмен табыспен отбасыларын асырап отырған ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайларын жақсартатынына сенімім мол.
Президентіміз Қ.К.Тоқаев бұл жолғы Жолдауында да мемлекетімізде халықтың әлеуметтік жағдайын оңалтуға қатысты оң жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды. Нақты айтар болсақ – мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысының еліміздегі орташа айлықтан асып түсуі, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану арқылы азаматтарымыздың баспаналы болуы, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400 мектеп және 300-ден астам денсаулық сақтау нысандарының салынып жатқанын атап өтіп, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы да қолға алынғанын айтты.
Біздің ауданымыз – негізінен аграрлық аудан болғандықтан, оның ішінде суармалы егіншілікпен айналысқаннан кейін ағын су біз үшін ауадай қажет екені белгілі. Алайда жыл сайын қаншама тиісті жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, сол ағын судың тапшылығы орын алып, диқандарымыз әбіржіп жатады. Сол себепті де Президентіміздің биылғы Жолдауында ағын су тапшылығы мәселесіне тоқталғаны, оның соған ерекше мән беретіні, сол мақсатта елімізде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтіні және Қазақстанның су шаруашылығын басқару жүйесіне түбегейлі реформа жасалатынын да айтқаны көңіл қуантты.
Мемлекет басшысы осы Жолдауда еліміздің агросаласына қатысты жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды екеніне тоқталды. «Бұл үшін жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Оларға тек жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмай, өндірген өнімдерін өткізуге де қажетті жағдай жасау саясатына ерекше мән беруіміз керек, бұл үшін Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн»-деп, диқандарды күзде жинап алған өнімдерін қалай тиімді бағаға өткізсем екен деп алаңдап жүрген мәселесін шешу жолдарын көрсеткені бізді қуантты.
Жолдауда Президентіміз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану керектігін еске салды. «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек»-деп, бұл мақсатта қандай жұмыстарды жүзеге асыру керектігіне де тоқталды.
Бүгінде біз Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқандай өз ауданымызда көбірек пайда әкелетін жаңа егіс түрлерін барынша көбейтуіміз керек деп ойлаймыз. Әрине, ауданымызда бүгінгі таңда бұл бағытта біршама жұмыстар да жүргізілгені де белгілі. Әсіресе, диқандарымыз басымдық беретін негізгі дақыл – мақта өсіру саласында біраз жетістіктеріміз баршылық. Соның арқасында аудан диқандыры тұқымдық шиттермен толығымен қамтылған десе де болады. Бүгінгі таңда «Бахытжан» және «Кетебай» өндірістік кооперативтерімен қатар «Мақталы жер» ЖШС «Мақтарал 4011», «Мақтарал 5027» сорттарын дайындап беруде. Одан бөлек, қалтаңа қарай Өзбекстан, Түрік, Қытай елдерінен әкелінген түрлі тұқымдық шиттерді де сатып алып, оны егістігіне пайдалануыңа да болады. Қысқасы диқандар үшін таңдау жетерлік. Алайда, сол шиттерден алынған дақылдар ауданымыздағы 7 мақта зауыты мен 80-ге жуық мақта қабылдау пункттеріне барғанда бір-бірімен мидай араласып кетіп, келесі жылы сол зауыттардан тұқымдық шит алып алып жатқан диқан өз жеріне не егіп жатқанын түсінбейтіні де жасырын емес. Осы жағдайдан шығу үшін Президентіміз айтқандай Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы мен шетелдердің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнатып, бұл салада бір реттілік орнатуымыз қажет. Әркім шамасы келген шитті пайдаланбай, тек жергілікті жердің жағдайына бейімделген тұқымдық шиттер егіп, одан алынған дақылдарды жеке-жеке бунттерге жинауды жүзеге асыратын уақыт жетті. Сонда ғана тұқымдық тазалығына қол жеткізе аларымыз анық.
Өздеріңіз көріп отырғандай Президентіміз өз Жолдауында диқандарымызды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді шешу бағытында қандай жұмыстар атқарылу керектігін жан-жақты көрсетіп беріп отыр, Енді бізге сол кеңестерді орынды пайдалану ғана қалып отыр деп санаймын.
Нұржан БЕКБАУЛОВ,
жеке шаруашылық иесі.
Ауылшаруашылық саласы Президент Жолдауы Тиімді тәсілдер 2023-09-21