КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫНДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР СӨЗ БОЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Business, News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Саясат, Экономика
06/10/2023
5 Views
Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарының кезекті бас қосуы өтіп, оған аудан басшысы Серік Мамытов пен аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары қатысты-деп хабарлайды, аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша аудан әкімі Серік Үсенұлы сөз сөйлеп, көпшілікті ауданда 8 айда атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды. Өз баяндамасында аудан басшысы ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6 млрд. теңгеге, яғни 54,5 млрд. теңгеге артқанын, кіріс көздерін ұлғайту мақсатында тиісті 889 салық салу нысанына талдаулар жүргізілуінің нәтижесінде 700 салық салу нысанының құны қайта бағаланғанын, бюджетке қосымша 60 млн. теңгенің өндірілгенін, 189 нысанның салығын арттыру бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын баяндады.
«Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 8 айда бюджеттің кіріс бөлігі жоспардан 200 млн. теңгеге артығымен орындалып, 3 млрд. теңгені құраған. 8 айда негізгі капиталға 12,5 млрд. теңге инвестиция салынып, шағын және орта бизнес өкілдері өндірген өнім көлемі 12,2 млрд. теңгені құрап отыр.
Негізгі табысы агросекторға тікелей байланысты ауданымызда үстіміздегі жылы 79,3 мың гектар егіс егілді. Оның ішінде 45,6 мың гектары мақта, 19,6 мың гектары бақша, 2,9 мың гектары көкөніс болса 5 мың гектары дәндік жүгері мен басқа дақылдарды құрайды.
8 айда ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 15%-ға, 27,7 млрд. теңгеге, ал, негізгі капиталға тартылған инвестиция 2,8 млрд. теңгеге жеткен. 321 шаруа қожалық иелері 1236 гектар жерден жылына екі өнім алу жобасын іске асырса, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 12 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағар май бөлінген.
Ауданымызда жыл басынан бері 70,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1,1 млрд. теңге, облыстық және жергілікті бюджеттен 900 млн. теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, ауданда жалпы ұзындығы 245,7 шақырымды құрайтын 380 ішкі көшелер жарықтандырылған. Үстіміздегі жылы «Жетісай қызмет» МКК тарапынан 41 көшеге, демеушілер есебінен 131 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді» деді аудан әкімі.
Аудан әкімінен кейін баяндамаға шыққан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Нұрлан Райымбеков пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаеваның, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбековтың есептері тыңдалып, жоспарлары талқыланды.
Айта кетерлігі, Жетісай ауданы бойынша биылғы жылы күзгі жиын-терімге 200-ден астам мақта теру комбайындары мен 40-тан астам бригадалар қатысуда. Одан бөлек, 7 мақта өңдеу зауыттарының 80 мақта қабылдау бекеттері тұрақты жұмыс істеп тұр.
Қ.ДӘУЛЕТБАЕВ.
Аудан әкімінің бяяндамасы 2023-10-06