ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАМЫЗҒА БИЫЛ 30 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР!
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Кәсіпкерлік, Қаржы саласы, Мерекелік шара, Пайдалы кеңестер, Саясат
06/11/2023
13 Views
Дәл осыдан 30 жыл бұрын, 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналысқа енгізілді.
Теңге негізі еліміздегі алғашқы ақша емес. Ежелгі Қазақстан аумағында ақша бұдан көптеген ғасырлар бұрын пайдаланылған. Сырдарияда, Отырар алқабында түркі билеушілері, ал Жетісуда түргештер 7-8 ғасырларда өз ақшаларын шығарған. Отырар мен Исфиджабта монет сарайлары жұмыс істеген. Оныншы ғасырлардың ортасы мен сегізінші ғасырларда қалалар тез өсіп, тауар өндірісі мен сауда көлемі ұлғая түсті. Ұсақ бөлшек саудада көбінесе мыс фельстер қолданылды. Алтын монеталар да айналымға түсті, бірақ ол саудада дара түрінде ғана емес, салмағына қарай пайдаланылды: монетаны қажетіне қарай кесектеп сындыратын болған. Он төртінші ғасырдың соңынан бастап Қазақстанда Әмір Темір монеталары айналымға енді. Бұлардан басқа Қазақстан қалаларында саудада Самарқанд, Бұхара, Ташкент монеталары, негізінен, мыс динарлар пайдаланылды. Қазақстан ақшасының бұрынғы тарихы міне, осындай.
Күрделі жиырмасыншы ғасырда Қазақстан біртұтас кеңестік рубль аймағына кірді. Ал, 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валютаның енгізілуі туралы шешім қабылданып, 15-18 қарашада КСРО-ның 1961 – 1991 жылдарда шығарылған рубльдерін ұлттық валютамыз теңгеге айырбастау шаралары жүзеге асты.
Осы сәттен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі эмиссиялық банк болып табылады. Оның құрылымдық бөлімшелері: Алматы қаласында орналасқан – Қазақстан Республикасы Банкнот фабрикасының банкноттары мен Өскемен қаласында «Монета сарайында» дайындалған монеталар көмегімен іске асады.
Төл теңгеміздің ең алғашқы банкноталары еліміздің тариxын мейлінше терең таныта білген банкноталар болды десек қателеспейміз. Теңгенің қасбеттеріне еліміздің мәдени, саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалардың бейнесі басылса, сырт тұсына кең байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары енді.
Ақбаян ОРТАЕВА,
Жетісай өңірлік мемлекеттік архивінің, Асықата бөлімі архивисті.
2023-11-06