Украинаның Днепропетровск қаласындағы №25 мектебінің химия пәнінің мұғалімдері таңқаларлық тәжірибе жасады. Олар 12 кеміргішті төрт топқа бөліп, біріншісін –чипсымен, екіншісін – кептірілген нан, үшіншісін – тамақтың дәмін арттыру үшін шұжық пен фастфудқа қосатын натрий глутаматпен, төртіншісін –астық, көкөніс, жеміс-жидектермен қоректендіре бастаған.
-Балаларға чипсыдың зиян екенін айта бастасаң, олардың ерегіскендей осы азыққа деген тәбеті арта түседі. Содан соң мен кеміргіштерге тәжірибе жасап, оны балаларға көрсеткім келді,-дейді химия пәнінің мұғалімі Татьяна Дейнега.
Нәтиже қандай? Сухариктер жеген кеміргіштер жиырма күннен соң өле бастаған. Өлер алдында олар ісініпті. Бауыр циррозына ұшырап, көздері көрмей қалған.
-Олардың бауыры сарғыштанып кетті. Өйткені, олардың клеткалары майлана бастады,- дейді ветеринария ғылымының кандидаты Валентин Ефимов.
Ал, табиғи өнімдер –бидай, көкөніс, жеміс-жидекпен азықтандырылған кеміргіштер ешқандай өзгеріске ұшырамаған, асыр салып секіріп жүрген көрінеді.
Бабамыз қазақ «бала мен ит қорыған жерге өш» деп жатады. Рас-ау, кішкентайлардан нені қорысақ, олар соған ынтық болып тұрады. Әпермесіне қоймайды. Бүгінде азық-түлік дүкендеріне кірсеңіз, сарайыңды ашатын, шаршағаныңды басатын, шөліңді қандыратын, тіпті «естен» тандыратын небір сусындар мен гамбургер, чипсы, кириешки, хот-дог, тағы басқалары самсап тұр. Лимонадтың неше түрі бар. «Кока-кола», «Фанта» сияқты сусындар денсаулыққа зиян дегенімізбен, сөрелерден оларды алып тастап жатқан ешкім жоқ. Бүгінде көшеге шықсаңыз, қолына энергетикалық сусын ұстап жүрген жастарды жиі жолықтырасыз. Негізінен газдалған сусындар денсаулыққа зиян деп жатамыз. Алайда, қазір оларға құмарлар көп. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де соңғы кездері газдалған сусындардың зияны туралы ескерте бастады.
Сөз басын сиқырлы сусындардан бастайық. Ана бір жылы Шымкенттегі бір шағынаудандағы жертөледе энергетикалық сусындарды «өндіріп» жатқан шағын цех әшкере болды. Мұндай «чех» Алматы қаласынан да табылды. Тәтті жерге шыбын үйірсектейді. Түрлі сусындардың хош иісіне және олардың бойды сергітетініне сенетін жастар осындай сусындарды талғамай алып ішеді.
Соңғы жылдары еліміздің барлық түкпіріндегі дүкендерді, сауда орындарын газдалған және энергетикалық сусындар, шетелдерде жасалған тәтті тағамдар жаулай бастады. Бастапқыда олардың зиянды екенін білгеніміз жоқ. Ескерткен де адам табылмады. Уақыт өте келе газдалған сусындардың құрамында зияды элементтердің бар екенін біле бастадық. Солай бола тұрса да зиянды сусындардан бас тартып жатқандарды көрмейсіз. Есесіне, осы суды өші қалғандай үйлеріне жәшіктеп апарып ішетін отбасылар көбейді. Үйде болған соң кішкентайларыңыз да бұл сусыннан ішпей тұра алмайды.
Енді осы сусындардың «пайдасына» келейік. Нью- Иорктің Колумбия университетінің бір топ ғалымдары энергетикалық және газдалған сусындардың балалардың ашушаңдығын оятып, есте сақтау қабілетін төмендететінін анықтаған. Сондай-ақ балаңыз ішек-асқазан ауруларына ұшырауы мүмкін. Дәрігерлер аш балаға газды сусын ішпеуді ұсынады. Мұндай жағдайда бала асқазанына ауыр салмақ түседі екен.
Ендеше, шетелдерден импортталатын тәтті тағамдар мен шырын, сусындарды тұтынарда сақ болу керек-ақ. Мамандар кәдімгі сағыз бен энергетикалық суда ағзаға зиян заттар көп екенін айтудай-ақ айтып келеді. Сондай-ақ, түрлі консерванттар мен дәмдеуіштері бар тағамдар аллергия мен түрлі ішек ауруларының қоздырғышы екені дәлелденген. Олар мұнымен де шектелмей, адамды шамадан тыс семіртеді.
Өркениетті елдерде газдалған сусынды, түрлі тәтті тағамдарды мектеп асханаларында сатуға тыйым салған. Ал, Ресей 2006 жылы мектеп асханарында газдалған сусындар мен чипсыларды сатуға заң жүзінде шектеу қойды. Украинада да осындай заң бар. Бельгиядағы денсаулық сақтау саласының мамандары бастауыш мектептерде газдалған сусындар, чипсылар, шоколадтар сатуға қатаң тыйым салды. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ бұл шараға әрегіректен, дәлірегі 2003 жылдан-ақ кірісіп кеткен. Сонда да бұл елдердің зкономикасы қалыпты. Мектептерде жоғарыда аталған тәттілерді сатпай-ақ, елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартып отыр.
2012 жылы Ресей энергетикалық сусындарды түгелдей сауда орындарынан алып тастау туралы мәселе көтерді. Құрамында таурин, кофеин сияқты зиянды заттар бар энергетикалық сусындар жастардың денсаулығына зиянын тигізетінін түсінген олар Еуропа тәжірибесіне сүйенген еді. Айталық, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде рұқсат етілген сусындар дәріханаларда ғана сатылады. 2010 жылы АҚШ-та құрамында кофеині бар энергетикадық сусындарды сатудың жолын кесті. Өйткені, осы елде аталған сусынды ішкен адамдар естерінен танып, бірқатары түрлі дертке шалдыққан.
Біздің елде де энергетикалық сусындарға деген көзқарас өзгерді. Осыдан біраз жыл бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мектептер мен жоғары, арнаулы оқу орындарында күмәнді сусындарды сатуға тыйым салған қаулы қабылдаған болатын. Көпшілік мәдени шараларда алкоголі төмен, синтетикалық кофеині бар сусындар сатылмайтын болып белгіленді. Министрлік сусындағы кофеиннің концентрациясы 400 миллиграмнан артық болмауы керек деп ұйғарды. Осылайша, өркениет өрісіндегі елдер әлдеқашан қабылдаған шараны енді ғана қолға алғандай едік. Бірақ, сол қаулыда энергетикалық сусындар мектеп асханаларында сатыла ма, сатылмай ма, бұл жағы көрсетілмей қалған-ды. Шеңберлі шектеу қойылмаған соң шенеуніктер шегінсін бе, мектеп асханаларында мұндай сусындардың қаптап тұрғанын көрдік. Тіпті олардың қай жерден әкелінгенін зерттеп, бақылап отырған мекеме жоқ. Облыстық тауарлар мен көрсетілер қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің балалар, білім беру, тамақ обьектілеріне санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Меруерт Сайлаубековаға жолыққанымызда:
– Біз мектептерде, балалар бақшаларында жасөспірімдерге берілетін ерекше тәтті тағамдардың сатылмауын, тағам ретінде ұсынылмауын қадағалаймыз. Егер мектеп, колледж, институт, университет асханаларында мұндай өнімдер сатылып жатса, айыппұл саламыз, сөреден алдыртып тастаймыз. Кейбіреулеріне ескерту жасаймыз. Рас, бірқатар мектеп асханаларында мұндай өнімдер, сусындар ашықтан-ашық сатылады. Олардың барлығына дерлік рейдтер жүргізуге кейде мүмкіндігіміз болмайды. Біздің келе жатқанымызды естісе сөрелерден күмәнді сусындар мен тағамдарды тығып тастайды. Шымкент, Түркістан, Жетісай, Кентау қалаларының, бірқатар аудан орталықтарының кез келген бұрышында лаваш, гамбургер, хот-дог сататын шағын асханалар, дәмханалар бар. Олардың пайдаланып отырған алаңдары 50 шаршы метр болғандықтан біздегі ереже бойынша бұлар елеусіз топқа жатады. Оларды тексеру үшін арнайы рұқсат керек. Сондықтан, көбіне мұндай көпшілік тамақтану орындарын тексере алмаймыз. Осыны білетіндер саудасын қыздырып жатыр,-деді.
Бұған не дерсіз енді?
Алпауыт АҚШ-та шектен тыс семіріп кеткен балалар көбейіп кеткен. Дәрігерлер дүрлігіп, зерттеп кеп бергенде мұның барлығы тез даярланатын тағамдар мен энергетикалық сусындардың кесірінен екенін анықтаған. Сондай-ақ АҚШ-та жыл сайын 70 миллион тұрғынның астан уланатыны анықталып отыр. Бүкіл мемлекет болып балалардың денсаулығы үшін алаңдап жатқанымен нәтиже шамалы. Өйткені, көпшілік осы тағамдарды тұтынуды дәстүрге айналдырып алған. Ал, біздің облыста «Лаваш» орталықтары соңғы кезде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай көбейіп кетті. Дәрігерлер тез дайындалатын тағамдардың сапасыз майға қуырылатынын, қоспалар ішінде клей тәріздес зиянды заттар барын айтып дабыл қағуда. Мұндай тағамдарды жегендер жүрек, қан диабеті, семіздік ауруларына оңай шалдығады екен. Сондай-ақ дәрігерлер пластик ыдыстарға салынатын тағамдардың ағзаға аса зиян екенін ескертеді. Мұндай ыдыстарда тамақ 3 сағаттан артық тұрмауы тиіс. Одан асса ыдыстағы зиянды элементтер тамаққа сіңеді екен. Шетелдерден келетін азық-түліктің арасында күмәнділері көп деседі дәрігерлер. Таяуда арнайы қызмет өкілдері зерттеу жүргізіп, Қазақстанға түрлі жолдармен енгізілген 64 тонна азық-түліктің көзін жойған.
Ресми деректерге сүйенсек, дүниежүзінде жыл сайын 11 миллион адам дұрыс тамақтанбаудан көз жұмады екен. 1,9 миллион жасөспірім уланған тамақтан қайтыс болған. Дүниезүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы әлем халқын семіздіктен емдеу үшін 43 триллион доллар керек деп жар салып отыр. Ал мына көрші Ресейде семіздіктен, басқа да сатып алатын кеселдерден құтылу үшін мектептерге «Менің денсаулығым» атты жаңа пән ендіріпті.
Бүгінде әлем дәрігерлері семіздіктен құтылудың жолын іздеп әуре-сарсаңға түсуде. Сөзіміздің біссіміласында біз «бала мен ит қорыған жерге өш» деп қалдық. Мәселе осы өштікте. Егер шектеу қоя білсек, артық салмақтан зардап шеккен жастар азаяр еді. Көпшілікті мазалап жүрген осы маңызды мәселеге ата-аналардың, ұстаздардың ғана емес, қоғамның назарын аудартуымыз керек.
Мәңгілік Елдің ертеңдері-жастардың дені сау, ақыл-есі бүтін болсын десек, балалар тағамына мұқият болғанымыз жөн. Өйткені, бойдағы мінез жеген тағам арқылы да қалыптасатынын бүгінгі медицина да қуаттайды. Жылқының етін жеп, қымызын ішкен қазақ қандай! Қайсар қазақтың түр-тұрпаты, барлық болмысы табиғатынан тартымды тұлпар тектес емес пе? Жалпы, ұлттық тағамдарымызды төрге оздырудан неге тартынамыз? Қазақтың құрт, жент, бауырсақ, бүйенге салынған сары майы, қымызы мен қымыраны, айран, сүті, қазысы мен қартасы экологиялық жағынан да, сіңімділігі жағынан да тиімді әрі пайдалы емес пе еді?
Бүгінде «барлығы да жеп жүр ғой» деп жайбарақаттыққа, немкеттілікке салынып, доңыздың майы қосылған шұжықты тұтынатын бойкүйездеу, болбырлау, берекетсіздей бауырларымыздың болмысынан неге сабақ алмаймыз осы?..
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.