50 ЕЛДІ МЕКЕНДЕГІ 46591 ТҰРҒЫН, 8168 ҮЙ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Business, News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Өзекті мәселе
08/11/2023
2 Views
Жетісай ауданында «Кирово» газ тарату станциясы салтанатты жағдайда іске қосылды. Осы станцияны іске қосу рәсіміне арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға жергілікті тұрғындар өз ризашылықтарын білдірді.
– Өңірімізде инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Шалғайдағы елді мекендер де назарымызда тұр. Бұдан былай тұрғындар көмір жағып, күл шығару машақатынан құтылады. Ауылға газ келді. Енді газды үйлерге тарту жұмысын ширату керек. Бұл ретте тұрғындардан да белсенділік күтеміз, – деді облыс басшысы.
Әлеуметтік маңызы ерекше осы шараға қатысқан аудан тұрғындары, облыс басшылығы мен осы жобаны жүзеге асырған азаматтарға өз алғыстарын білдірді.
Негізінен Жетісай ауданының елді мекендерін толыққанды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында ойластырылған Ынтымақ ауылдық округіндегі «Кирово» АГТС нысанының құрылысы 2021 жылы басталып, 2023 жылы аяқталды. Бұл құрылыстың жалпы құны – 1,7 млрд. теңге болса, оған «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС мердігерлік еткен. . Қуаттылығы – 50 000 м3/сағат болатын станция арқылы аудандағы Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм және Мақталы ауылдық округтеріне қарасты 50 елді мекендегі 46591 тұрғын, 8168 үй табиғи газбен қамтылып отыр.
Жалпы алғанда бүгінде Жетісайда газдандыру жұмысы жақсы жүруде. Ауданды газдандыру жұмыстарына республикалық бюджеттен 9,8 млрд. теңге қаржы қаралып, 14 жобаның құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, Қызылқұм ауылдық округіндегі Қарасақал елді мекеніне магистралды газ құбырының құрылысы жүргізіледі. Ал Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Әбдіхалық, Мырзашөл, Атақоныс елді мекендерін газдандыруға мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы 2024 жылға өтпелі.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Жетісай ауданында қуаты сағатына 50 мың текше метрді құрайтын 2 автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГТС) құрылысы аяқталуда.
2023-11-08