ҚАЗАҚ КІЛЕМДЕРІНІҢ ТҮРЛЕРІ
Posted by: Қалмұрат
in Business, News, PRESS RELEASE, Қоғам, Маман кеңесі, Руханият
29/11/2023
17 Views
Қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан мұрасы – қолөнер. Әсіресе кілем тоқу өнерін қазақ аналары жоғары деңгейде меңгерген. Оған бүгінгі күнге жеткен кілем түрлері дәлел. Олар қалы кілем, бұқар кілем, жол кілем, жолақ кілем, масаты кілем, тақыр кілем, түкті кілем, кереге кілем деп бөлінеді. Ал өндірілген жеріне қарай – Торғай, Қызылорда, Алматы, Жамбыл кілемдері, ру үлгілеріне қарай – қыпшақ кілемі, адай кілемі, керей кілемі, қоңырат кілемі, үйсін кілемі, қосалқы белгілеріне қарай – шашақты, оқалы кілем деп те аталады.
Осындай көптеген атауларға қарап-ақ қазақ халқының кілем тоқумен ертеден айналысқандығын көрсетсе керек. Қолмен тоқылған кілемдердің ерекшелігі өте берік, сондықтан ғасырлар бойы пайдалануға болады.
Алматы облысы, Қарасай ауданында орналасқан Анаға құрмет музейінің қорынан кілемнің бірнеше түрін көруге болады. 15-тен астам түкті және тықыр кілем музейге сый акциясы барысында жинақталған. Музей қорына биыл қызылордалық Раба Өтегенова сыйға берген ерекше көздің жауын алатын тықыр кілемге тоқталып өтейін. Қазақ халқында ұзатылған қыз жасауына міндетті түрде кілем қосылып берілген. Сол дәстүрмен Раба Өтегеноваға 1973 жылы анасы жасауына арнайы тоқып берген кілемнің өлшемі 370ˣ265 сантиметрлік екі шетінен желі жібінен шашақ шығарылған қызыл кілем. Көліне он шақты шатыр гүл және «Рабаға естелік анасынан» деген сөз кестеленіп жазылған. Одан басқа ағашта отырған қыран құс, торғай, қоян және мақта гүл, қошқар мүйіз өрнектері бейнеленген. Кілемнің жиегінде екі қатар ирексу, қырыққабат гүл өрнегі тоқылған. Қара және күлгін түстен қарғатұяқ өрнегімен көмкерілген. Сонымен қатар музей қорында ғұлама Әл-Фараби, күйші Дина Нұрпейісова бейнеленген кілемдер де бар.
Музей көрермендерін әдемілігімен таңғалдырып келген көне кілемдер келушілердің көзайымына айналып, қолөнер туындысына қызығушылығын арттыруда.
В.ҚОШТАУОВА,
«Анаға құрмет» музейінің қор сақтаушысы.
2023-11-29