СӨЙЛЕУ ТІЛІ БҰЗЫЛУЫНЫҢ НЕГІЗГІ ФАКТОРЛАРЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Анонсы, Білім саласы, Жаңалықтар, Жас буын, Маман кеңесі, Пайдалы кеңестер
11/12/2023
47 Views
Қазіргі кезде түрлі дәрежедегі тіл кемістіктерінің көбеюі – шешімі табылмай келе жатқан өзекті мәселеге айналып отыр. Тіл – қарым-қатынас құралы болғандықтан, бұл жағдайда тіл кемістіктері бар балаларда көптеген қиындықтар туындайды. Әр жастағы балаларда сөйлеу тілінің әр түрлі бұзылыстары кездеседі. Олардың ішінде ең көп таралған түрі – дыбыс айту кемшіліктері.
Мұндай кемшіліктер өз бетінше кемістік ретінде де, сөйлеу тілінің басқа, күрделі бұзылыстарының құрамында болуы да мүмкін. Бірақ дыбыс айту кемшілігінің ең қарапайым түрін де «кемістік емес, кейін түзеліп кетеді» – деп жайбарақаттықпен қарауға болмайды. Олар балалардың өсуіне кері әсерін тигізіп, өз тілін меңгерудегі қиындықтарға әкелуі мүмкін.
Сөйлеу тілінің дұрыс дамымауы – есту қабілеті мен зияты әдеттегідей дамыған балалардың дыбыстық, мағыналық жағына қатысты сөйлеу тілі жүйесінің барлық компоненттерінің қалыптасуының бұзылуынан болатын әртүрлі күрделі тіл кемістіктері болып табылады. Дыбыстарды айтуының бұзылуы, фонематикалық есту қабілетінің дамымауы, сөздік қоры мен грамматикалық сөйлем құрылымының артта қалуы жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың барлығына тән кемшіліктің түрі.
Балаларда осындай белгілер болған кезде ата-аналардың бірінші кезектегі міндеті баламен белсенді сөздігін байытуға, грамматикалық құрылым мен байланыстырылған және түсінікті сөйлеуді құру ережелеріне үйретуге бағытталған тұрақты жұмыс болып табылады. Өз балаларымен оқыту және дамыту сабақтарын жүргізетін ата — аналарға шыдамдылық танытуы керек: осындай сабақтардың әрбір кезеңінде көп уақыт пен күш кетуі мүмкін, бірақ олардың нәтижелері сізді ғана емес, сондай-ақ сіздің балаңызды да қуанта алады. Жалпы моториканың және саусақтың қозғалуы жетіспеуі тілдік функциясына байланысты. Жазуға бейімделмеген, жалпы моториканың және саусақтың қозғалуы жетіспеуі мектептің төменгі сыныптарынан бастап, оқуға деген негативтік әсерін тигізуі мүмкін.
Міне осы мақсатта мектебімізде белгіленген кестеге сәйкес 2023 жылдың 8 желтоқсанында мектептің мұғалім-логопеді Арайлым Тажмаханның ұйымдастыруымен «Сөйлеу тілі бұзылуының негізгі факторлары» тақырыбында ата-аналарға тренинг өткізілді.
Себебі балалармен жұмыс нәтижелі болу үшін маманмен ата-ана тығыз байланыста болу керек. Үй жағдайында да ата-ана тарапынан баламен жұмыс жүргізілуі тиіс. Өйткені баласының сөйлеу тілінің дұрыс дамуы мен жетілуін қадағалау – әрбір ата-ананың борышы. Логопед ата-аналармен үй жағдайында жасалатын артикуляциялық және тыныс алу жаттығулардың түрлерімен бөлісті.
Тренингте ата-аналар көргенін,үйренгенін өзара талқылау арқылы, пікір алмасу арқылы баланың сөйлеу тілінің толыққанды қалыптасуы үшін біріккен жұмыс жасалу керектігін түсінді. Тренингтің ата-аналарға берері көп болды.
Айнаш МЫРЗАДИЯР,
«Мырзақадыр Нұрбаев атындағы №58 жалпы білім беретін мектеп» КММ-і директорының тәрбие жөніндегі орынбасары.
Жетісай ауданы.
2023-12-11