«Мәңгілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Мәңгілік елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ — мәңгілік қазақтың перзенті.
«Қазақстан – 2050» мәңгілік елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын. Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін елдігіміз мәңгілік!», — деп аяқтады өз Жолдауын Мемлекет басшысы.
Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты болып отыр. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар екенін айта келе, Елбасы мемлекетіміз бен қоғамымыз алдында тұрған нақты міндеттерді жан-жақты айқындап берді, олар:
-
халқымыздың денсаулығы және әл-ауқаты, сонымен қатар жетім-жесір, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайларына назар бөлу және мұқият түрде назардан тыс шығармау, зейнеткерлердің жағдай мәселесін арттыру;
-
ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсарту, индустрияны ғылыми негізде дамыту.