ДІН САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, Әлеумет, Дін, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
02/01/2024
2 Views
Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру әртүрлі конфессия мен этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан зайырлы Қазақстан дамуының басым міндеттерін шешуге және ел болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстанда соңғы он екі жылдықта орын алған террористік актілер және діни экстремизмнің өрістеуі мемлекеттің дін саласына деген көзқарасын қайта қарауға мәжбүр етті. Қазақстан тарихында болмаған осындай террористік оқиғалардан кейін мемлекет тарапынан «Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Сондай-ақ, діни қатынастарды оңтайландыру мақсатында 2017-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының діни саласындағы мемлекеттік саясатының тұжырымдамасы қабылданып, бекітілді. Кейін Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
Ал қазір дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың 2021-2023 жылдарға арналған Кешенді жоспарында 26 тармақты қамтитын 4 бөлім көзделген. Жоспарды іске асыру Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі құндылықтары мен қағидаттарын жаңа геосаяси ахуал мен ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы сын-тегеуріндеріне уақтылы ден қою тұрғысынан одан әрі жүзеге асыруға ықпал ету.
Бірінші бөлім (Мемлекеттік құрылыстың зайырлылық қағидаттарын нығайту) қоғамда мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған шараларды іске асыру. Зайырлылық дегеніміз жалпы халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, соған сай мемлекеттік тұрғыда шешімдер қабылдау. Яғни, зайырлылық – тірі организм, ол ұдайы модернизацияны қажет етеді.
Екінші бөлім (Азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын іске асыруды және діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету) негізгі іс-шаралары азаматтардың діни сенім бостандығы құқықтарын қамтамасыз етуге және мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың қазақстандық моделін одан әрі қалыптастыру. Азаматтардың ар-ождан бостандығы Ата Заңымызбен қорғалғандығы. Ешкім өзінің діни көзқарасына және наным-сеніміне байланысты шектеу көрмеуі. Бұның бәрі дін саласындағы мемлекеттік саясаттың дұрыс жүргізіліп отырғанының айғағы. Дін саласында тұрақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту және діни экстремизм идеологияларының алдын алу бойынша нақты шаралар жүзеге асыру. Сондай-ақ, азаматтардың ар-ождан бостандығы мен олардың діни наным-сенімін құрметтеу құқықтарына заңнамалық кепілдік беруді қамтамасыз ету мәселелері де басым бағыттардың бірі болып табылады.
Осыған орай, халықты теріс пиғылды діни ағымдардың ықпалына түсіп қалудан сақтандыру мақсатында халықтың барлық нысаналы топтарын жеке-жеке және жаппай қамту мақсатында мемлекеттік және жеке меншік формадағы түрлі мекеме ұжымдарымен, жоғары оқу орындары, орта және арнайы оқу орын студенттерімен, сондай-ақ, орта мектеп оқушыларымен тікелей ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өткізіледі.
Үшінші бөлім (Қазақстандық қоғамда конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету) қоғамда Қазақстан халқының ұлттық дәстүрлеріне негізделген рухани-адамгершілік құндылықтарды танымал етуге және ілгерілетуге, конфессияаралық және өркениетаралық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде Қазақстанның халықаралық беделін арттыру көзделген. Жаһандық әлемдегі ахуал кез келген аймақтағы жергілікті жағдайды айқындауға ықпал ете алады. Сондықтан, әлемдік қауымдастық тұрақты дамуға қол жеткізу үшін конфессияаралық, мәдениетаралық келісімді сақтауға мүдделік танытуда. Біріншіден, конфессияаралық келісімді нығайту заманауи сын-тегеуріндер мен қақтығыстарды болдырмауға септігін тигізе алады. Екіншіден, аймақаралық шекара түсінігі уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтуда, әлемнің кез келген мемлекеті босқындар мен жер аударушыларға тиісті назар аударуға мәжбүр. Яғни, жер халқының шынайы келісім мен түсіністікті көрсетуге әзірлігі сыналатын уақыт десек те болады. Үшіншіден, қоғамда берік орнатылған конфессияаралық диалог пен өзара түсіністік қазіргі уақытта әлеуметтік тұрақсыздыққа әкеліп соққан экстремизм мен терроризм, ксенофобия, рухани сауатсыздық пен үстемдік етуге талпынушы күштермен күресуге үлкен мүмкіндік береді.
Төртінші бөлім (Дін саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету) қоғамда діни экстремизм мен радикализм идеологиясын қабылдамауға және қарсы насихаттауға бағытталған әлеуметтік, ақпараттық және ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың қағидаттарын түсіндіру.
Қорытындылай келе, дін – Қазақстан Республикасының әлеуметтік, мәдени және рухани маңызды бөлігі болып табылады. Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары арқасында Қазақстан Республикасында діннің еркін дамуы үшін жағдайлар жасалынған. Діни қызметтің өзге де ұйымдарына әлеуметтік шектеулер алынып, зайырлы мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негізі қаланды, діндер арасындағы диалог, әлеуметтік әріптестік және ұйымдармен сындарлы саясаттың негізгі бағыттары қабылданды. Егеменді еліміздің тұрақытылығы мен даму жолында экстремизм мен терроризмнің қандай да болсын сипаттарына, түрлеріне азамат болып, қоғам болып ат салысып қарсы тұруымыз қажет. Елдік пен егемендіктің мүддесіне қарсы түрде әрекет ететін түрлі саяси және діни топтарға тойтарыс беріп, азаматтық позициямызды ұмытпауымыз қажет.
Жалғас ЖОРАБЕК,
Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы.
2024-01-02