ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ХАЛЫҚ БИЛІГІНІҢ МАҢЫЗЫ МЕН РӨЛІ
Posted by: Қалмұрат
in News, Әлеумет, Дін, Қылмыс пен жаза, Маман кеңесі, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
02/01/2024
2 Views
Әйтеке Байбекұлы: «Бақ деген – құс, ұшады да кетеді. Тақ деген – түс, кіреді де кетеді. Байлық деген – мұз, ериді де кетеді. Мәңгілік қалатын – адал іс. Өмірде адал іс қана мәңгілік қалатынына көзім жетті» – деп бір ауыз сөзбен нақтылап кеткен. Қадыр Мырза Әли болса: «Әкеңді білмеген ештеңе емес, қаптаған халықтың ішінен ұлтыңды білмеген не деген сұмдық!».
Халық билігі ең алдымен құқықтық принциптерден көрініс тапқан. Ол, мысалы, Төле бидің: «Күш атасы – халықта, қарсы келген хан да, би де оңалмас» – деген өсиеті, Майқы бидің:
«Хан – халықтың қазығы, Қараша – ханның азығы.
Хан өздігінен өлім жазасын қолданбасын,
Өлім жазасын халық өзі шешетін болсын», – деген өсиет сөздері кейінгі ұрпаққа үлгі, дауды шешуде билерге прецеденттік маңызы бар түйін ролін атқарды. Халықтың заң жүзінде мемлекеттік билікті басқаруы. Мұнда конституция билік халықтың қолында екендігіне дәлел болады. Халық жоғары билікке өз өкілдерін сайлау арқылы тағайындап, өзгертіп отырады. Демократия теңдік болған жерде ғана болады. Мұнда барлық салада – заң шығару, оны орындауда, т.с.с.теңдік болады. Демократияда әділеттілік болуы керек. Мұнда да қоғамның барлық саласында әділеттілік болуы тиіс. Демократияда сонымен қатар бостандық, еркіндік болуы керек. Сонымен, демократия деп халық билігі, теңдік, құқық, әділдік, еркіндік принциптеріне негізделген мемлекеттік құрылысты айтады.
Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы. Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан. Бір сөзбен айтсақ, көшпелі қазақтардың құқықтық мәдениеті халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық еді. Яғни, әдет-ғұрып нормалары ұлттық болмыстың туындысы болды.
Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі.
Абай өзінің үшінші қара сөзінде: «…Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» болғандағы «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына тартымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ. Бұрынғы қазақ жайын білетін жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» – деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере болғандықтан түссе, әйтпесе түспесе» – деуі көп нәрсені аңғартады.
Қорыта келе қазақ қоғамындағы би қашан да хан мен халыққа қатар қызмет еткен. Шыңғыс ханның жанында «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» аталған Майқы би, Әз-Жәнібек ханның қасында Асан қайғы би, Әз-Тәукенің жанында Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Абылай ханның жанында Бұқар жырау сияқты кемеңгерлердің болуы осыған дәлел. Халық хан мен бидің мемлекеттің өміріндегі орнының маңызын ерекше бағалаған. Бұл келесідей нақыл сөздерден көрініс тапқан. «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары-білімі бар», «Қарадан хан қойса, қасиеті болмайды, үлгісізден би қойса, өсиеті болмайды», «Әділ бидің елін дау араламайды, әділ ханның ауылын жау араламайды».
Қайрат САЛЫҚБАЕВ,
Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы.
2024-01-02