Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында ұлт денсаулығы жақсы болса, қоғамның орнықты дамитынын баяндап, медицина саласында қордаланған мәселелерді шешуге аса мән берген еді. Осыған орай денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат жылдан-жылға көбейіп келеді.
Ауданымызды медициналық мекемелерді материалдық-техникалық жағынан барынша жабдықтау, шалғайдағы елді-мекендердің тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында ауданға 94 млн теңге қаражат бөлініп, сол бөлінген қаражат көлеміне 4 санитарлық автокөлік алынды.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов 4 автокөліктің екеуін аудандық ауруханаға және Алғабас, Елтай ауылдық округтеріне медицина көлігінің кілтін табыс етті.
-Биылғы 2024 жылымызды игі істермен бастағалы отырмыз. Ауданымыздың денсаулық саласының материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында жаңадан жедел жәрдем автокөліктері табыстамақпыз. Ауданымызда барлығы 18 жедел жәрдем автокөлігі болса, соның 90%-ының тозығы жеткен. “Соболь” маркалы жедел жәрдем автокөліктері жол талғамайды, іші алғашқы көмек көрсетуге арналған заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартады деген сөз. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталған жедел жәрдем автокөліктері ауыр хәлдегі науқастарды аудан орталығына жеткізуге үлкен көмек көрсетеді. Пайдалануға берілгелі тұрған автокөліктер ел игілігіне қызмет етіп, аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызметтер көрсетіп, ауданымыздың медицина саласы дами берсін. Ауданымыздың медицина саласының қызметкерлерін бүгінгі жаңа жедел жәрдем автокөлігінің табысталуымен құттықтаймын. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!,- деді аудан әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Айжан АМАНГЕЛДИНА,
Сырым ауданы, БҚО.