«Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Түркістан қаласына 1 желтоқсаннан бастап әуе рейстері ұша бастаса, алғашқы рейс Нұр-Сұлтан – Түркістан – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша орындалады. Азаматтық авиация комитеті Түркістан қаласының әуежайына тұрақты рейстер ашу бойынша жұмыс жүргізуде»- деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз-қызметі.
Алғашқы уақытта – Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан Түркістанға күн сайынғы рейстерді 3 қазақстандық «Fly Arystan», «SCAT» және «Qazaq Air» әуе компанияларының орындауы жоспарланса, «Fly Arystan» әуе компаниясы қазірден-ақ, бұл бағыттар бойынша әуе билеттерді сатуды бастап жіберіпті. Әуе билеттерінің бағасы Нұр-Сұлтан және Түркістан қалалары арасында 6999 теңгеден, ал Алматы мен Түркістан қалалары арасында 5999 теңгеден басталады.
Жолаушылар терминалының ауданы – 10,5 мың шаршы метр құрайтын халықаралық әуежай заманауи технологиялар қолданыла отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Әуежайдың жалпы ауданы – 905 гектар болса, ұшу-қону жолағы – 3 300х45 метрді құрайды. Ол Түркістан қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан
Сондай-ақ, Түркістандық әуежай келешекте шетелдік авиакомпаниялардың ұшуы үшін «ашық аспан» режиміне қосылып, бұл жерден Қазақстанның басқа да облыс орталықтарына, Мекке мен Стамбулға да рейстер ашу жоспарланған.