Жуырда Жамбыл атындағы мектептің жоғары сынып оқушылары арасында «Әкеңнің төріне сенбе, еткен еңбегіңе сен» деген тақырыпта кездесу болып өтті.
Оқушылармен сұхбаттасуға осы мектептегі «Әкелер мектебінің» төрағасы Ж.Биғараев, ауыл билері Д.Нәлібаев, Қ.Сыдықов, Б.Мырзақұлов, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Е.Байхожаев, А.Түзеловтер қатысып, оқушылармен ғибратты сұхбат өткізді.
Ауыл ақсақалдары мектептің өркендеп дамуы жастардың қолында екенін айта келіп, олардың жақсы оқып, тәрбиелі болып өсулері үшін терең білім алулары керектігін айтты. Сол үшін кітапты көбірек оқып, уақыттарын бос өткізбеулерін ескертті. Әсіресе ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармаларын көбірек оқуларын өсиет етті.
Өз кезегінде 6-шы сыныптың бір топ белсенді оқушылары «Абайды оқы, таңырқа» деген тақырып аясында, ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Есімде бар ма жас күнім» т.б. өлеңдерін оқып, өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.
Құралбек СЫДЫҚОВ,
Жамбыл ауылдық округі, Мақтаарал ауданы.