Көше жаттығуына 500-ге жуық адам қатысты
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Денсаулық, Жаңалықтар, Спорт
12/02/2024
4 Views
Жетісу облысында көше жаттығуына жарты мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Бұқаралық спортты дамыту бойынша Жетісу облысында жаңа бастама қолға алынды. Өткен жылы облыстық бұқаралық – спорттық іс-шараларды өткізу орталығы құрылған еді. Бүгінде барлық аудан орталықтарында да аталмыш мекеменің филиалдары жұмыс істеп жатыр. Облыстағы барлық елді-мекендерде арнайы штаттық кестеге орай, жоғары білімді әдіскерлер жұмыс істейді. Олар жергілікті тұрғындарды бұқаралық спортқа баулумен айналысады. Облыс орталығы Талдықорған қаласында да әр сенбі сайын «Жастар» және «Жеңіс» саябақтарында спорттық шаралар өткізіліп тұрмақ.
«Сенбі таңында осындай шара ұйымдастыруға мұрындық болған әкімдік ұжымына, спорт мамандарына алғысым шексіз» – дейді еңбек ардагері, халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін.
Сенбі таңының алғашқы спорттық шарасына 500-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Олар әдіскерлер көмегімен түрлі дене қыздыру жаттығуларын жасады. Содан кейін жас мөлшерлеріне қарай спорттық жарыстарға қатысады. Облыстық бұқаралық – спорттық іс- шараларды өткізу орталығының басшысынан бастап, барлық мамандары осы спортттық шараның басы-қасында жүр.
«Сенбі- жексенбі күндері қалалықтар демалады. Әсіресе, біз сияқты зейнеткерлерге пайдасы ұшан-теңіз шара екен» – деді зейнеткер Райхан Қапышқызы.
Әртүрлі спорттық сайыстарда күш сынасып, жеңімпаз атанғандар арнайы сыйлықтарға ие болды. Аталмыш шараның басты мақсаты – халық арасында бұқаралық спортты қарқынды дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтырушылар санын арттыру.
Әр сенбі сайын дәстүрге айналмақ спорттық шараға тек қала тұрғындары ғана емес, сондай-ақ қала қонақтары да қатыса алады. Жас мөлшерлеріне де еш шектеу жоқ.
Алуа ОСПАНЖАН.
2024-02-12