журналист Сәбит Қалдыбаев 63 жаста
Дана ойшыл И.Гете «Адам өмірінің биік шыңы – жастық» деген екен. Кезінде түсінбесек те дәл қазір шын ұғына білдік. Күйбең тіршілікпен күй кешіп жүргенде уақыттың сынаптай сырғып өткенін білмей де қалады екенсің. Иә, дәл солай. Кеше ғана қолына қалам ұстап, киелі қара сөз ауылының есігінен сығалаған қағілез қара бала міне, бүгін Пайғамбар жасына да келіп қалыпты.
Бірге қызметтес болып, қоян-қолтық жүрген әріптесіміздің өмірбаяны мен жүрген жолына әрине, біз қанықпыз. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай ауданында туылды. Ауылда өсіп, мектеп бітірді. Жүрек қалауымен ұстаз болуды армандады. Әкенің ақ батасын алып, арман қуып, алыстағы қалаға аттанды. Бағы жанып, Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Білімге құштар жігіт жақсы оқыды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ түрлі хабар-ошар жаңалықтарды үзбей жазып, аудандық газеттің қоғамдық тілшісі атанған Сәбит, мұнда да оқу орнындағы қабырға газетіне мақалалар жазып көзге түсе білді.
Қызыққа толы студенттік бес жыл да өте шықты. Ізденімпаз, еңбекқор шәкіртін университет басшылары оқытушылық қызметке қалуына ұсыныс жасады. Сәбит ойлана келе туған ауылына оралғанды жөн санады. Сонда қалғанда мүмкін ол бүгінде филология ғылымының докторы немесе кандидаты болып қызмет етіп жүрер еді.
Туған жер төсіне келген соң Сәбит Қалдыбаев өз мамандығы бойынша қызметке кірісті. Бірақ мектепте бар болғаны жарты жылдай-ақ жұмыс істеді. Мақала, очерк, хабарларды жиі жазып тұратын оны аудандық газет қызметке шақырды. Мұнда жүріп көп ұзамай-ақ ол әбден ысылып, қаламын ұштай білді. Сөйтіп, журналистикаға әбден бауыр басып қалды. Н.Ф.Погодиннің «Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің өркені» деген сөзі бар. Өзінің жұмысына деген жауапкершілігі мен тындырымдылығының, еңбекқорлығы мен тиянақтылығының арқасында аудан басшылары мен оқырмандарға кеңінен таныла білді. Қай кезде де жақсы кадрға сұраныс көп болары анық. 1992 жылы әкімшілік институт қалыптасты. Сәбитті аудан әкімдігі қызметке шақырды. Ол осында 5 жыл әлеуметтік мәдени кешендер бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Бұдан соң газет ісіне қайта оралды.
1997 жылы үш аудан біріктіріліп, іріленгенде аудандық «Мақтаарал» газетіне рухани мәселелер бөлімінің меңгерушісі болып келді. Кейін жауапты хатшы қызметіне ауысты. Мен Сәкеңмен 21 жыл қызметтес болдым. Оның мінезі қызық, тұйық жан. Ашылып сөйлесе бермейді. Бір терінің пұшпағын бірге илеп жүрген соң әріптестердің мінез-құлқын, бітім-болмысын, көптеген қасиеттерін өзгелерден жақсы білетініміз анық. Сәбит Дүйсенбекұлы өз ісіне берілген жан. Жазудан ешқашан жалықпайды. Уақытпен санаспай жұмыс істейді. Оның көп жазатын жанрлары: очерк, суреттеме, репортаж, интервью. Қалам тартпаған тақырыбы жоқ. Қызыл сөзге жаны қас. Аз жол жазып, көп мағына беруге тырысады. Мақалалары құрғақ, детальсіз сөзге емес, философиялық, татымды ойға құралады. Сондықтан әрбір шығарманы қолға алғанда көп ізденеді. Ойда жүреді. Сондықтан тілшінің жазған дүниелері шымыр, ойлы да нәрлі болып келеді. Стилистикаға, тілге ерекше мән береді.
Ойда жүреді демекші, қайбір жылы бір қызық оқиға болды. Сәкең жеке көлігін тұрақ жайға қойып, базар маңындағы асхананың бірінен түстенеді. Содан тіп-тіке редакцияға келеді. Жұмыс қыруар. Жаңа нөмірдің макетін сызады. Мақалаларды оқып, іріктейді. Жұмыс уақыты біткен соң ескі Универмагтың қасынан таксиге мінеді. Әбибулла ауылының тұсына барғанда көлігі есіне түседі. Қайтып келіп, машинасын алып қайтады.
-Ау, Сәке, шынымен білмедің бе? – деймін оны сөзге тартып.
-Әдейі істеді дейсің бе? Ұмытып кеткенмін ғой, – дейді жай ғана.
2008 жылы Сәбит Дүйсенбекұлын облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті Мақтаарал ауданы бойынша меншікті тілші етіп жұмысқа қабылдады. Ол содан бері бұл қызметті мінсіз атқарып келеді. Аудан өмірінің тыныс-тіршілігін дер кезінде, жедел түрде жеткізіп тұрады.
Сәкеңнің қаламы жүйрік. Журналистика қазанында әбден қайнап піскен. Газет ісін ұйымдастыруда өте шеберлік танытады. Қазіргі таңда «Мақтаарал» газетінің бас редакторы болып қызмет етіп жүр.
Замандас журналист туралы жылы лебіздерді қанша айтсақ та жарасады. Ол оған лайық та. Абай хакімнің отыз жетінші сөзінде былай деп жазылған: «Биік мансап – биік жартас, ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады». Біздің Сәбит те дәл солай өз еңбегімен биікке шығып, үлкен жетістікке жетіп отырған жан.
Сәкең ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан бірнеше немерелер сүйіп отырған жайы бар. Жұбайы Жанат журналистің алаңсыз шығармашылықпен айналысуына жағдай жасай білетін қамқоршысы. Замандас 40 жылдық қызметінде бірнеше Алғыс хаттармен, көптеген медальдармен марапатталған.
Бұл – Сәкең туралы бір үзік сыр ғана.