УАҚЫТ ЖЕТТІ: БАСЫМЫЗДЫ КӨТЕРІП ЖҮРЕЙІК
Posted by: Қалмұрат
in Қоғам, Саясат
24/03/2024
1 Views
Тарих толқынында қазақ халқының тарихы мың сан өзгеріске ұшырағанын бүгінде бәрі біледі. Әріге бармағанда кешегі жетпіс жыл желкемізде отырған қызыл империя өктемдікпен өзеуреп түп тарихымыздан алшақтатуға барын салып, жанталасты. Осы ретте ел аузында жүрген мына әңгіме еске түседі. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары. И.В. Сталин ғалымдарды жинап алып: «Шыңғысханды бірде түркі, бірде моңғол дейсіңдер. Шын мәнінде ол қай ұлттан?» деп сұрапты. Сонда бір ғалым тұрып: «Ол-қазақ!» депті іркілмей. «Мұны немен дәлелдейсің?» демей ме мұртты көсем. Сонда ғалым Жошы ханның кесенесі Ұлытауда тұрғанын, өзінің осында ақ киізге салып көтеріліп, хан сайланғанын басқа да мысалдармен айтып береді. Осыдан соң мұртты көсем іш тартып қалса керек. Репрессия жылдары қазақтарға қатты шүйліккенінің бір сыры осы деседі. Оған қазақтардың миллиондап қырылып жатқанын айтқан кезде «Шыңқұз ханның ұрпақтарынан тек осылай құтылуға болады» депті міз бақпақпастан. Ал, ІІ Екатерина «қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады» деп шошыныпты.
1944 жылғы 9 тамызда БКП (Б) Орталық Комитетінің қаулысымен Одақ халқына Түркі тарихын оқуға тыйым салынды. Түркі тарихын зерттеушілер қуғынға ұшырады. Қолдан монгол деген ұлт атауы жасалып, ел құрып, оларды түркілерден бөліп тастап, тұтастай Шыңқұз қаған қағанатын соған теліді.Түркілерді монголдың қоластында болған деп көрсетіп бақты. Тарихты талқандаушылар скифтерді иран-парсыға жатқызды. Ал, түркі қағанаттары жайлы үн шығармауға бұйырды.
Кеңестік ғалымдар қаншама бұрмалағанмен, Шыңғыс ханның қазақ екенін дәлелдейтін айғақтар жеткілікті. Шыңғыс ханның ұрпақтары, Алтын Орданың хандарының барлығы Моңғолстанда емес, қазақ жерінде отырғанының өзі көп нәрсені аңғартпай ма? Ұлы қолбасшының қазақ болғанын тарихшы Белинский көптеген нақты дәлелдермен растайды.
«Наймандар, керейлер, қияттар мен меркіттер моңғол емес, түркі тайпаларына жатады. Олардың ұрпақтары қазіргі Қытай жерінде өмір сүріп жатыр, тілдері қазақша. Шыңғыс хан өмір сүрген тұста оның империясында қазаққа жақын ұйғыр тілі мемлекеттік болған. Темуджиннің (қазақша Теміршін болып аталады) әкесіЕсугей қияттардың ханы болған. Шешесі Оян меркіт руынан. Шыңғыс ханның әйелі—Бөрте қазақтың қоңырат руынан шыққан. Оның барлық ұлдары түркі есімдерімен аталды. Шыңғыс ханның өзі де «Шұғылалы хан» деген мағынаны білдіреді.
Моңғолдарда ол кезде де, қазір де ондай есімдер болған жоқ. «Хан» деген сөздің өзі моңғол емес, түркілердікі. Моңғолдар өздерінің басшыларын «қонтайшы» деп атаған. Шыңғыс ханды әдеттегі қазақтың құрылтайында хан көтерген. Ал, моңғолдарда мұндай сөз жоқ.
Тәңірге табынатын тек қазақтар ғана қайтыс болғандарды аз адам білетін, құпия жерге апарып жерлеген. Бұл дәстүр туралы Алтын Ордадағы еуропалық елші Плано Карпини жазған. Ол кезде моңғолдар өлген адамдарды молаға апарып ашық аспан астында қалдыратын болған» дейді тарихшы Владимир Брониславович Белинский.
Қалай дегенде де біз өзіміздің түп тегіміз сақ, ғұн, түркі екенін жақсы білеміз. Одан беріде Алтын орда, Қазақ хандығы, Ноғай ордасы, Қаңлы мемлекеті деген қуатты мемлекеттер болғанын тарихтан там-тұмдап болса да білеміз. Едіге, Тоқтамыс, Мамай, Қарасай сынды бектер мен хандарды мақтаныш етеміз.
Алайда, «ұлы халық» Москва, Волга деген сөздердің түп тамырын осы күнге дейін білмейді. Біз оны Мәскеу деп жүрміз. Бір кездері Мәскеу Алтын Ордаға қарағаны белгілі. Сол кезде алып шаһар түркі бабаларымыздың бірінің атымен аталған деседі тарихшылар. Ресей «жаңа тарихты» қолдан жасап, талай шетелдіктерді өздеріне сіңіріп алды. Айталық, орыстың ұлы ақыны атанған Лермонтовтың түбі шотландиялық. Толстойдың түп тамырын ақтарсаңыз, ол неміс екен. Оның атасы жуанқарын, яғни семіз кісі болса керек. Орыстар оны «Толстый» деп атап кеткен. Содан барып Лев Никалайұлы туылады. Жоғарыдағы «қазақтар өздерінің кім екенін білсе, әлемді жаулап алады» дейтұғын ІІ Екатерина патшайым да неміс қызы. Оның шын аты-жөні—Софья Аугусто Фредерико. Ал, Куликов шайқасында Дмитрий Донский татар-моңғолдармен шайқаста Тоқтамысқа жақтасып, Мамайға қарсы шығады. Бірақ, ресейлік тарих ғылымының докторы И.Н. Данилевский: «Моңғол-татар қолдан жасалған термин. ХІХ ғасырда» деп жазады.
Өздерін ұлы халықпыз деп санайтын көршілеріміз Бірінші Петр таққа отырғанға дейін Ресей деген мемлекеттің болмағанын білмейтіндей сөйлейді. Тіпті сол Бірінші Петрді европалықтар Ресей әміршісі етіп қойғанынан хабарсыздай. Осы ретте Ресей Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Дмитрий Петровтың «Орысқа Ресей мемлекеттігін алып берген қазақтар» деген сөзі еске түседі. Киелі князь Олег пен Иван Грозныйдың дулығаларында, патриарх І Алексейдің бас киімдерінде «АллаҺ. Мұхаммед. Бісмиллаһи ир-рахман рахим» деген жазулар болғанын тарих дәлелдейді. Иван Грозный Алтын Орданың васалы болғанын да ұлы халық ұмытқалары келеді.
Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асып, қырық жылға қарай кетіп барады. Осы күнге дейін Қазақ Елі өз тарихын әлі тереңнен тартып, жаза алған жоқ. Мемлекет басшысы бұл туралы пәрмен бергенінен хабардармыз. Алайда, толыққанды тарих қолымызға әлі тиген жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуропаның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аймақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы Даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да осында.
Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек» деуі бізге үлкен күш-жігер беріп қана қоймай, келелі ойларға жетелейді.
Олай болса, ендігі жерде төрт жүз жылдай бодан болдық деп бұға бермей, басымызды тік ұстайтын, көтеріп жүретін уақыт жетті. Төл тарихымызды түгендеп, келер ұрпақ алдында ұятқа қалмайтын әрекеттерге барымызды салуымыз керек.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
2024-03-24