Deprecated: Function is_staging_site is deprecated since version 3.3.0! Use in_safe_mode instead. in /var/www/vhosts/sayipqiran.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6031
ГҮЛДЕР НЕГЕ СОЛАДЫ? - САЙЫПҚЫРАН.KZ Ақпаратты-сараптамалық порталы
Home » PRESS RELEASE » News » ГҮЛДЕР НЕГЕ СОЛАДЫ?

ГҮЛДЕР НЕГЕ СОЛАДЫ?

          Ерік Омарғали – 1992 жылы 22 наурызда Семей өңірінде дүниеге келген.   Тырнақ алды жыр кітапшасы мектеп құшағында жүрген 2009 жылы «Сәуір Сыры» деген атпен жарық көрді.     2010 жылы № 37 – «Ыбырай Алтынсарин атындағы» Гимназияны бітірген. «Әлихан Бөкейхан университетінің» Филология факультетінің түлегі.
            Павлодар қаласындағы «Инновациялық Еуразия Университетінің» Экономика және Инжиниринг факультеті, «Әлеуметтік – гуманитарлық ғылымдар» кафедрасының «Филолог» мамандығының 1 – курс магистранты.
          Көптеген  ғылыми-зерттеу еңбектері басылым көріп келеді.
          Республикалық, аймақтық, қалалық мүшәйралар жеңімпазы.
           2017 жылы Талдықорған қаласында өткен, «Ілияс Жансүгіров атындағы» республикалық студенттер мүшәйрасының 1 орнын жеңіп алса, сол жылы Семей қаласында өткен «Алаш» мүшәйрасының Бас жүлдесін еншіледі. 2021 жылы тамызда Шығыс Қазақстан обылысы бойынша Өскемен қаласында өткен «Кемеңгер би – Кетбұқа» мүшәйрасының «Ынталандыру сыйлығына», облыстық «Шәкәрім Құдайбердіұлы» жыр мүшәйрасының «Арнайы жүлдесіне» ие болған.
         «Ойсауыт маржаны», «Тәңірмен тілдесу», «Күз кіндігіндегі күмбір» кітаптарының авторы.

 

КҮЗ – ЖҮРЕК ПЕН КӨКТЕМ – ГҮЛ ЖЫРЫ

«Гүлдер неге солады?» – сүймегеннен.
Бұны, бәлкім, бұрыннан білмеген бе ем…
«Жүрек неге тоңады?» – сүймегеннен.
Тулап – ытқып соғатын бұл кеудемнен…
«Гүлдер неге тұрмайды» – мәңгі жайнап?
«Солар үшін емес пе?» – жазғы бау-бақ!
«Жүрек неге жанбайды» – сезім – лаулап?
«Арманынан аққанат» – таң қылаулап!
«Жырын оқып» Күз – Жүрек тағы жалғыз.
«Сырын айтып» Көктем – Гүл ән аулаған…
 …«Біз қайтеміз?» – жылдардан, сағынармыз?.
Жауындардай сәуірде  жауа алмаған…

 

 СОЛ ГҮЛДІ МЕН ДЕ САҒЫНДЫМ

Сол гүлді мен де сағындым,
Тоңдырса, тоңдым, торықтым.
Жалғызы бейне шағылдың,
Шағымсыз тағдыр көріктім.
Сол ойға мен де батқаным,
Солғын өң жүдеу тартып от.
Білсе ғой, білсең, аппағым,
…Білудің соңы да қасірет.
Сол күнде сені көрген сәт,
Жүсіпше түрмен таңдана.
Жүзіңе жүзіп мелдей пәк,
Туғандай қарап Ай жаңа.
Сол ұшқын шашып бойға өртін,
Мен, бәлкім, кеттім ақын боп.
Гүлдерді көрсем, ен жарқын,
Тоңамын неге ғапыл боп?
Сол гүлді күнде сағындым.
Түндерде тоңдым торықтым.
Жалғызы бейне шағылдың
Сен қайдан маған жолықтың?
 
 

 ӨМІР СУРЕТІ

Сен сурет салдың, сағыныш жайлы.
Сағынышын жырлайтын сары құс қайғы.
Мөлт ете қап, жалт ғұмыр, суық қарап,
Жазып алар жадына өмірге ұқсайды.
Сен сурет салдың, ақ гүлдер үшін,
Аңқа жарған жұпары дәптердің ішін.
Бір көбелек өткен түн түсім бе екен,
Қанатына байлаған сәттерді мүсін.
Сен сурет салсаң, ғаршылық – хабар,
Қауызынан әлемнің аршылып қалар.
Сары құс ұшып, шырылдап барып,
Суық – суық арманын жасырып қалар.
Сен сурет салсаң, айнабояумен.
Ақиқат сыйы – ол да тереңнен.
Сұлулық тамған саусақтарыңнан,
Суретсіз дүниені қайда қоям мен?
…Сен сурет салма !
 

 

 

  АНАСТАСИЯ

Анастасия!
Сен білсең ғой…
Күндердің мұң қоюын.
Түндердің сол жарығын.
Сұп – суық бұл көңілім.
Тып – тыныш арман ұғым.
Білсе – е – ең ғой…
Тұмандар – Тұмандықтар
Бізге де Жыр түзерін.
Ертістен мұнарытқан
Шағала Сыр – түменін.
Тастардың Мазмұнына;
Жазылмас бос жолдарды.
Жүректің Әжіміне;
Қосылмас қос қолдарды.
Өкінген Аспаптардың:
Өткінші саздарына!
Хафиздың… Науаидың…
Шуағын арай күннің!
Меңіреу жандар құсап
Құсадан талай күйдім.
Алайда, білмеппін, қалай сүйдім!
…әлі күнге…

 

НӘУРІЗЕК

Құрық салған,
Құрауланған дүние – ай ырықты алған.
Ардакүрең жастығым арман шекер,
Жанарымда жәудіреп тұнып қалған.
Есейдік пе?
Еркелеп кеп аяғы еңсең тікте.
Еркем-айдың тәп – тәтті ертегісі,
Есіңді ақыр матап та мең – зеңдікке.
Қалай көнем?
Үнсіз ғана шыдамға жамап өлең.
Ескіріпте кеткендей апта – айларым,
Күнтізбенің соңына қарай берем.
Жөн бе екен деп,
Жеңілгенді жүрген кім жеңді екен деп?
Ерке арудың қияли ертегісін
Тыңдамаймын, тұрса да енді, еркелеп…
Үміт пе оңған?
Асау жүрек жан нұры тымық тоңған.
Сол аяулы сезімнің сыңғырында
Сыңғырлап кеп, ертегім – суып солған…
Бір дем үрсе, білерсің,  мен – тірімін,
Теңізден де тереңде тұнық қарғам!
…Ұмытпаған. Ұмытпаған…

 

ТОРАСАУ

(Баллада)
Мінер жақтан үркіп қалған шу асау,
Сылаң қаққан құйғытқанда тым асау,
Жаясына қамшы баспай заулайтын,
Шашасына шаң жұқпаған Торасау!
Жылқы үйірі айғырымен танылар.
Жылқышының құрығының қалы бар.
Қабағына сарыаязда мұз қатып,
Кіртілдетіп тұяғынан сары қар.
Әлкең танып құлынынан торының,
Сынға тартып іштей көзбен порымын.
Басып мінген асаулардан Борлыда,
Мінезінің қара деді шодырын.
Шодыры жақсы Әлкеңе өзі шобырдан.
Бозбала шақ бозаңда өскен ол бір паң.
Тоқымына қақ тұрмайтын жануар,
Жел естіріп оңынан да солынан.
Торасауды өзі ғана бап білген,
Шалқұйрықша құйрық – жалын шарт түйген.
Елеңдеген еліктен де үрікпейтін,
Тізгіндесе, Әлкең әнмен салт мінген.
Тау ішінде түздің жортқан бөрісін.
Соғып алған сойылымен «соры үшін».
Құрайттап қыс қаңтарда торыны,
Қияуынан қия салар қонысын.
Шіркін, кербез жөн көргенмен жорғаны,
Таңдандырған Торасаудың мөр – қалы.
Сәкен әнін тау ішінде қыздырып
Қостарын – ай жылқышының сондағы…
Жылқы – текті көшпендінің жолынан.
Торасаулар таңылар ма тобынан.
Бар айтқаны қара күзде қаз қайтар,
Қараөкпенің мерт болды асау салынан.
Әлкең деген әкем еді дүм – дүрсін.
Рухын іздеп Торасауы шыңғырсын…
Көкжал жайлы әңгімесін жұрт білер,
Тұлпар жайлы әңгімені кім білсін?..
 
 

ТУҒАН ЖЕР ЭЛЛАДАСЫ

Туған өлке.
Туған мекен.
Тым ыстық.
Түңлік — Аспан Сәуле түскен күміс құт.
Мен ойланып отыратын төбеден,
Жүрегіме құйып жатыр жыр ытқып.
Тұмса кезім. Қанса көзім. Бұлдырық.
Тау обасы—көмбе жеткен «бір күлік».
Мың — мыңдаған, жымыңдаған жұлдыздар,
Арманымнан алған сонда сыр біліп.
Қарай — қарай ұзағынан сүйініп.
Көңілімнен көк ала бұлт үйіріп.
Тамшыма кеп тамшы қосты, туған жер,
Ақ жаңбыры ақ жанымды ұғынып.
сенің қырың жазып қалған көнені…
ат дүбірі, тақ сыбыры, о, нені?!
мен ғой сенің ең алғашқы тарихшың —
былдырыммен еркелеткен әуелі.
бұлағыңда, құрағыңда, өзімдей.
ұшып жүрген құсың сынды сөзім кей.
махаббатты айтушы еді — ертек деп,
сұлулыққа ілінбеген көзімдей.
Бәлкім, бәлкім, сүңгітетін тереңге?
Жасыл барқын белдеріңді көрем бе?
Ақындардың ғұмырындай — қып — қысқа
«Сүйем деуім!» — сыяр ма екен өлеңге?..
 Бір айтылған әнім қалды. Сонау күн
Мен де өзі құс — қиялды боп алдым.
Қараса ұлып қоя берер ТУҒАН ЖЕР
Қарашығы ыстық қандай жанардың…
…Мен ойланып отырған еһ, сол төбе
Жыр оқи ма, түнде, кеште, ертеде.
Сыңғыр үні кісінеген ЖОЛЫҢНАН
Бір Күлігің  шауып жетсе өлкеңе…
 
 
  ОЛ КЕЗДЕ КҮЗ
Қайда, қайда, сол бір шақтың естелігі?
Таратып төкпеймісің, кеште мұны!
Бұрымың бұратылып көшкен өзен,
Қылығың пейіштің — ақ ескен нұры.
Отты еді. Сол бір жылдар. Жарасы бал.
Қиылып қарасатын қарашық әр.
Жарқ еткен жасындай — ау, керуен — мезет,
Көзіңнің аңғардым ба, қарасынан…
Аспаны Сен жақтың да нөсерлі еді,
Аспаны Мен жақтың да нөсерлі еді,
Япыр — ай, теңіз кешіп жетсем деуші ем,
Шамдары сөнгенінше көшеңдегі…
Сен неткен бұйығы едің, шіркін, назды үн.
Хаттардың көгершінін дүркін жаздым.
Жауап та бермейтінсің, бірақ, түбі,
Сеземін. Сүйетінсің. Сыңғыр қалпың…
Арайлы таңдар қанша ағарды шым.
Ақжұлдыз Түндегі алып жоғалды шын…
Амандық тілеуменен әлі күнге,
Армандап — мен, келемін, Саған, Құсым!

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

2023 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ, НОМИНАЛЫ 5 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАЛАРДЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ 28 МАУСЫМДА 2024 ЖЫЛҒЫ ҮЛГІДЕГІ ЖАҢА ДИЗАЙНМЕН НОМИНАЛЫ 10 000 ТЕҢГЕЛІК БАНКНОТАНЫ АЙНАЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

        ...

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАР

        ...

«JETISAI MARATHON – 2024» МАРАФОНЫНА МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН ҚАТЫСТЫ

        ...

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ

        ...

21 ЛЕТНЫЙ ТАЭКВОНДИСТ УЕХАЛ В США

Автор: НАЗИРА БУРХАНОВА,  журналист. ...

«МАҚТААРАЛ» КЕҢШАРЫНА – 100 ЖЫЛ!

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ...

БІРЛІГІ БІРТҰТАС БІРЛЕСТІК

        ...

МАТЕМАТИКА ӘДІСТЕМЕ БІРЛЕСТІГІНДЕ АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ІСТЕР ОРАСАН

        ...

ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕУ – БОЛАШАҚТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

        ...