БІЗДІҢ ҰЛАНЫМЫЗ АЙТУЛЫ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ!
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Білім саласы, Жаңалықтар, Жас буын, Поэзия, Руханият
12/04/2024
33 Views
Абай облыстық білім басқармасы мен Облыстық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен сәуір айының 12 – жұлдызында Семей шаһарындағы № 44 мектепке өткен республикалық «Мұқағали оқуларының» облыстық кезеңінде «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды…» наминациясы бойынша «Жас ұлан» арнайы ерлер лицейінің «92 – топ» ұланы Ерланов Әлижан Қуанышұлы жүлделі ( III дәрежелі Диплом) орынды жеңіп алды.
Негізінен үш бөлімнен тұрған байқау барысында өнерпаз өрендер барын салып, киелі сахна төрінде өздерінің қатысу бағытына қарай өнерлерін ортаға салды. «Бақ сынасқан» деген сөздің парқы нағыз ашылғандай әсерге бөленгенін, сайысты тамашалаған жұртшылықтың өздері де айтып, өзара ризалық кейіпте айтысып жатты.
«Жас ақындар» бөлімінде облыстың әр түкпірінен келіп қатысқан небір хас дарындардың арасынан өз шығармашылығын танытып, «Поэзия піріне» айналған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арнаған:
МҰҚАҒАЛИ
Қарасаз туып – өскен мекені еді.
Туған жер құшағында еркеледі.
Мұқағали – мың жылдық жыр қазына,
Ақынын халқы биік көтереді.
Сүйінген барлық ақын жырына оның,
«Хан Тәңір» шыңында деп тұғыр орнын.
Жастанып, кітаптарын сүйіп оқып,
Шашбауын жырмен ашқан бүгін елің.
Білеміз, мәңгі өлмес, шын мықтылар.
Тағамыз әр сөзіңді сыр ғып тұмар.
…Халқына шұғыласы мейірім төгіп,
Жарқырап аспандағы Күн боп тұрар.
Тұлғасы – дархан дала, үні – керім,
Өткен күн бейнесіне үңілемін.
Құдіретті жаратқанның, жыр – сыйындай,
Жүректі содан қанша тілгіледің…
Тілгілеп жарқылы көк тіл алдаспан,
Нөсерін тамшылатып жылайды аспан.
«Өмір – дастан» – жазылған парақтары,
Тізбегінен жылдардың тырауласқан.-деген жырын оқып, жиылған көпшілік қауымды өнерімен тәнті етті.
Сонымен қатар, «Жас ақын» атанған бозбала ұланымыз қосымша байқауға қатысқанын растайтын арнаулы «Сертификатпен» де марапатталды. Оған біз – «Жүлдең құтты болсын! Жарайсың, Алға! Жеңістен жеңіске жете бер! Қашан да осындай биік жүлделер тұғырынан көрін!»-деп игі тілегімізді айтамыз.
Ұлт руханият — мәдениеті жолында қызмет еткен ұйымдастырушылар мен әділқазылар алқасына, жалпы мектеп ұжымына шексіз алғыс білдіреміз!
Осы байқауға жас ұлан Әлижан Ерлановтың өлеңі мен өнерін бақылап бағып, байсалды баптап апарған – «Тастүлек» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі, ақын, ұстаз Омарғалиев Ерік Қайратбекұлына көпшілік өз ризашылығын білдірді. Сіздің еңбегіңізге сәттілік тілейміз! Шәкірт оғыландарыңыз әрдайым оқ бойы озық болсын!
Жас дарындар ашылып, ақын баба рухы демеп жүргей!
Айнұр РАХЫМБАЕВА,
Абай облыстық Білім басқармасының «Дарынды балаларға арналған «Ш.Уәлиханов» атындағы «Жас ұлан» арнайы ерлер лицейінің гуманитарлық пәндер бірлестігінің жетекшісі.
2024-04-12