ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Білім саласы, Жаңалықтар, Саясат
24/04/2024
18 Views
2024 жылдың 12 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына орай ЮНЕСКО-ның Журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесінің қолдауымен Халықаралық Фараби форумы аясында «Тұрақты даму мақсатында халықаралық журналистиканы оқыту модельдері» (МТIJ) атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Конференция жұмысын журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев факультеттегі тұрақты даму саласындағы білім берудің жай-күйіне тоқталуымен ашты. Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы, БҰҰ жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, университеттің БҰҰ-ның тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» UNAI Жаһандық хабына жетекшілік ету мерзіміне 10 жыл толғанын ерекше атады.
Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесінің коммуникация және ақпарат бөлімінің маманы Сергей Карпов Өңірлік кеңсе атынан кафедраның тұрақты дамудың 4.7., 16.10 мақсаттары бойынша Коммуникацияны дамыту Халықаралық бағдарламасымен бірлескен қызметіне алғыс білдірді. ЮНЕСКО-ның семинарлар сериясына тоқталды. Қазіргідей сандық, мультимедиялық интерактивті коммуникациялық технологиялар дәуірінде халықаралық деңгейде журналистер дайындау, оқу бағдарламаларының сапасы аса өзекті мәселеге айналды.
Конференцияда талқыланған тақырыптар: журналистік білім берудің жаңа бағыттары, медиапедагогика – болашақтың дағдылары; журналистиканың посткәсіби әлемі: оқу бағдарламаларын бейімдеу; көші-қон және босқындар тақырыбын көрсетуге арналған білім беру бағдарламаларының алгоритмі, қазіргі халықаралық журналистика: тәуекелдер мен мүмкіндіктер, заманауи медианың технологиялары мен әлеуметтік құндылықтары: өзгерістер тәуекелдері т.б.
Қазақ ұлттық университеті қызметінің басым бағыттары, білім беру қызметінің сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамыту, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу анықталды.
Аталған шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Алматы қаласындағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Алмаша Аренова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тұрақты даму бойынша Пан Ги Мун институтының директоры Жансая Исаева, Алматы Азаматтық Альянсының төрағасы, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Қайыржан Абдыхалықов, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің журналистика және бұқаралық коммуникациялар жоғары мектебінің профессоры, с.ғ.д., саясаттанушы Илья Быков, Түркітілдес Журналистер қоры Президенті Нәзия Жоямергенқызы, Avrupa Media Holding (Ұлыбритания) құрылтайшысы, журналист Ватан Өз, Сиань Цзяотун университетінің Жаңа медиа журналистика мектебінің профессоры Фэн Ву, Интер-Медиа Брюссель қоғамдық қорының (Түркия) құрылтайшысы, журналист Юсуф Джинал, Пенза мемлекеттік университетінің доценті, ф.ғ.к. Галина Зуева (Ресей), «Молдова-1» қоғамдық телеарна редакциясының бас редакторы Людмила Барба (Молдова Республикасы) кәсіби журналистер даярлаудағы өзекті мәселелерді қозғады.
Анар ҚАЛИБЕКҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация
кафедрасының аға оқытушысы.
2024-04-24