АУЫЛ ДАМЫСА, ЕЛІМІЗ ДАМЫДЫ ДЕГЕН СӨЗ
Posted by: Қалмұрат
in Business, News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Экономика
14/05/2024
6 Views
Бүгінгі таңда 7,7 миллиондай ел тұрғыны қазақтың қара шаңырағы – ауылды жерде өмір сүруде. Мемлекет басшысы мен Үкіметіміз тарапынан осы ауылда тұратын азаматтардың өмір сапасын жақсарту бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. 1 миллионнан аса ауыл тұрғынын қамти отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға 1 трлн. теңге бағытталды. Сол сияқты жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтік кәсіпке тартып, микрокредитті қолжетімді ету арқылы 350 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.
Ал Мақтаарал ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2023 жылы 16 елді мекенде 2,4 млрд. теңгеге 23 жоба жүзеге асырылды, 2024 жылы 12 елді мекенде 2,3 млрд. теңгеге 16 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 825 млн. теңгеге 143 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2023 жылы 365 маманға 126 млн. теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы, 92 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 476 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді.
Ауыл шаруашылығы үшін, бірінші кезекте ағын су маңызды рөл ойнайтыны белгілі. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өз баяндамаларында еліміздің мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру – өзекті мәселе екеніне айтқан болатын. Егер бұл бағыттағы жұмыстар жанданса, ауыл шаруашылығы қарқынды дамыр еді. Кеңес өкіметінің кезінде де сайын дала игеріліп, көшпелі жұрт отырықшы халыққа айналдырылған болатын. Қазақстанның әрбір өңірінде су қоймалары салынып, 100 миллион гектарға жуық жерге су жеткізілді. Нәтижесінде, суармалы егістік көлемі 2 172 мың гектарға ұлғайды. 1990 жылға дейін елімізде 54 мың гидротехникалық нысан салынған. Өкінішке қарай, бүгінде сол Кеңес өкіметінің кезіндегі 730 мың гектар көлтабанға дейін талан-таражға түсіп кетті. Қазір сол олқылықтың орнын толтыру үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Үкімет су тапшылығын азайту үшін жаңадан 20 су қоймасын салуды жоспарлауда. Құрылыс 2024-2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сай жүргізіледі. Сондай-ақ, осы жауапты іспен арнайы айналысу үшін Президент Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Сол сияқты Су кодексіне де өзгертулер енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Президент тапсырмасы бойынша жерасты суларын пайдалану аясы кеңейтілмек. Ұлттық гидрологиялық қызмет құрылмақшы. Олар жерасты суларына мониторинг жүргізіп, іздестіру-барлау, гидрологиялық ұңғымаларды жоюмен айналысады.
Еліміздегі 14 мың шақырым канал күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Ауылшаруашылығымен көбірек айналысатын Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарына қарасты 3 500 шақырым су жүйесін цифрландыру басталды. Бұл жұмыстар Батыс Қазақстаснда орын алған су тасқындарынан кейін қарқынды түрде жүргізілуде. Каспий теңізіне апаратын ағын су жүйелері тазартылса, тасқын судың бір бөлігі бұрын суалып қалған көлдерге жіберілуде. Соның арқасында екі жылдан бері тартыла бастаған Каспий теңізінің көлемі біртіндеп өз қалпына келуде.
Ауылшаруашылығы алқаптары суды үнемдеу үшін жаппай тиімді технологияға көшіріледі. Ол үшін Үкімет тарапынан тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарына арналған шығындарды субсидиялауды 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Тамшылатып және жаңбырлатып суару арқылы 1,5 мың текше шақырымға дейін су үнемдеуге болады.
Президентіміздің кезекті бір тапсырмасы – лизингке техника алуға қатысты болатын. Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша шаруалар 40 млрд. теңгеге 1 053 комбайн мен трактор сатып алды. Сонымен қатар мал азығын жинайтын 2,8 мың техниканы сатып алуға 20 млрд. теңге бөлінген. Малазығын жинау да үлкен шаруа. Десе де, жекелеген шаруалар әрекетсіз емес. Әркім өз бетінше техника құрастырып, ең болмағанда шөп турайтын агрегат ойлап табуда. Бұл да талпыныстың бір көрінісі. Енді сондай техникаларды шығаруды өндірістік бағытта шығаруды қолға алу қажет, сонда ғана айтулы нәтижелерге қол жеткізе аламыз.
Бүгінде ауылшаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Жоғарыда атап өткендей, кооператив төрағалары мен мүшелері арасында түсініспеушілік туындамаса екен. Кооператив атынан субсидия алып, содан соң оны құрамындағы қожалықтарға бөліп бермейтіндер де бар. Соның салдарынан аракідік дау-дамай шығып жатады. Тура сол сияқты үлес, пай бөлуде де күмәнді істер көп. Сондықтан кооператив, шаруақожалықтары төрағаларының жауапкершілігін арттыру керек. Сонда Президент тапсырмасының игілігін бәрі тең көретін болады. АҚШ-та шаруашылықтар арнайы ауылшаруашылығы жолақтарында орналастырылады. Ондай тәсіл Еуропада да қолданылады. Мысалы, біздің солтүстік өңірдің бидай белдері сияқты, ол жақта да жүгері, мақта қырлары мен мал жаятын жайлаулары біркелкі болады. Міне, біз де әлемнің осындай озық әрі тез өсу үлгісін пайдалануымыз керек.
Қорыта айтсам, қазақтың қарашаңырағы – ауылды көркейту үшін бәріміз аянбай еңбек етуіміз керек. Сонда ғана агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамыған алдыңғы қатарлы елге айнала аламыз!
С.ЖОЛАМАНОВ,
Мырзакент кентінің тұрғыны.
2024-05-14