КЕЗДЕСУДЕ БІРШАМА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЗҒАЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in Business, News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Кәсіпкерлік, Саясат, Экономика
03/05/2024
7 Views
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында облысты дамыту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Мақтаарал ауданының әлеуетіне, осы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталып, жоспарларды атап өтті –деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Осы кездесу барысында біршама маңызды мәселелер сөз болды. «Сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Мақтаарал ауданын дамыту мәселесі назарымыздан түскен емес. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Мақтаарал ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 2,4 млрд. теңгеге 23 жоба жүзеге асырылды, биыл 12 елді мекенде 2,3 млрд. теңгеге 16 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 825 млн. теңгеге 143 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2023 жылы 365 маманға 126 млн. теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы, 92 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 476 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. Облыста АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде Мақтаарал ауданында 14 мектепте толық іске қосылды. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану да күн тәртібінде тұр. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Ауданның әлеуеті өте жоғары. Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажет» – деді облыс басшысы Дархан Сатыбалды.
Мақтаарал ауданында 2023 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылға қарағанда 1,5 есеге өсіп, 139 млрд.теңгеге жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 22 пайызға өсіп, 12 мыңнан асқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі ұлғайып, 10 млрд. теңгеден асып отыр.
Қазіргі таңда, жалпы аудан бойынша ағымдағы жылы 2000 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 500 гектар мақта, 346 гектар қырыққабат, 793 гектар бақша және жаңбырлатып суғару технологиясымен 30 гектар жоңышқа егіледі. Бүгінгі таңға орындалғаны 1281 гектарды құрап отыр.
Жиында сонымен бірге, тамшылатып не жаңбырлатып суару жүйеслерінің артықшылығы – тегіс жерлер үшін де, биіктік айырымдары бар аумақтар үшін де жарамды, жерді тегістеу бойынша артық жұмыстарды атқарудың қажеті жоқ екендігі, яғни оның экономикалық тұрғыдан барынша тиімді екендігі де сөз болды.
Бір қуантарлығы қазіргі таңда Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашылуда. «BNK Group LTD» ЖШС-нің 4,1 млрд. теңге құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Алдағы уақытта «BNK Group LTD» ЖШС-гі құны 2 млрд. теңге 50 мың гектарға тамшылатып суғару, «Тұран су» ШЖҚ МКК-ны құны 480 млн. теңге құрайтын жылына 9 мың га. тамшылатып суғару жүйесін шығару кәсіпорны алғашқы жарты жылдықта іске қосылады деп жоспарлануда.
2024-05-03