АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫҢ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Билік, Өзекті мәселе
28/05/2024
2 Views
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен аудан әкімдігінің аппарат мәжілісі болып өтті.
Аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен квазимемлекеттік мекеме басшыларының, кірістер басқармасы мен полиция, қорғаныс істері бөлімдерінің басшылары қатысқан жиынның күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелер бойынша, нақтырақ айтар болсақ, бюджеттің орындалуы мен негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін уақытылы орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Өмірзақ Дүйсебаев, көктемгі әскерге шақырылушылармен жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы Айбек Қабылов, Жетісай қаласын жаңа ауыз су жүйесіне қосу мен Жаңа ауыл, Қазыбек би, Ж.Ералиев ауылдық округтерінде құрылысы жүріп жатқан ауыз су нысандарының барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов баяндама жасады.
Одан бөлек, күн тәртібіне енгізілген аудандағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылысы мен инфрақұрылымы, заңсыз құрылыстар бойынша құрылған жұмысшы топтың атқарған жұмыстары, ағын суды үнемдеу технологиясы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен егістік алқаптардың жағдайы, жеңілдетілген дизель отынының шаруаларға жеткізілуінің барысы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мырзабек Абишев пен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбековтың атқарған жұмыстарының қорытындысы айтылды. Сұрақтар қойылып, жұмыс сапасын жақсарту бойынша айтылған ұсыныстар талқыланды.
Сонымен қатар, басқосуда жоспарға сай жұмыс жүргізе алмай негізгі индикаторлық көрсеткіштері төмендеген әкімдерге ескерту жасалып, орындалмаған аудан әкімінің хаттамалық тапсырмалары бойынша талдау жасалды. Орын алған кемшіліктерді тез арада жоюды аудан әкімі аппаратының басшысы Есен Алданиязовқа тапсырылып, нәтижесін аудан басшысы өз бақылауына алды.
Б.НАЙМАНОВ.
2024-05-28