АРАМЫЗДА ҚАНША ӘЗІЛКЕШ ЖҮР…
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Мерекелік шара
24/06/2024
3 Views
«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген. Ал күлкісі «тасып» тұратын біздің әзілкештер, яғни «Көңілді тапқырлар клубының» «марғасқалары» қызды-қыздымен, әзілге өздерінің командирлерін де қосып жіберді. Айту керек, зал толы көрерменді күлкіге қарқ қылған сайыс Шекара қызметінің тарихында тұңғыш рет өтті.
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті ұйымдастырған сайысқа Алматы гарнизонынан Техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасының «БМП» атты командасы қатысты. Ал департаменттің өзінен үш команда сахнаға білек сыбанып шықты. Олар –«Қарасай батыр» (Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының «Қастек» шекара бөлімшесі), «Алаш» (Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының техникалық және кәсіби даярлық бөлімі), «Райымбек батыр» (Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының техникалық және кәсіби даярлық бөлімі) командалары. Көпшіліктің делебесін қоздырған шараға департамент бастығының орынбасары полковник Арнұр Мұналбаев басқарған әділқазылар алқасы төрелік етті. Сайыс төрт бөлімнен тұрады: «Амандасу», «Сұрақ-жауап», «Капитандар конкурсы» және «Үй тапсырмасы».
Сонымен, сайыс басталып, жеребе бойынша «Қарасай батыр» командасы бірінші болып өнер көрсетуге кірісті. Команда капитаны қатардағы жауынгер Бекжан Бекберген.
Байқаймыз, «Қастек» шекара бөлімшесі бастығының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары лейтенант Е.Жұмақадыр өзінің сайыпқырандарын алдағы додаға мықтап дайындаған сыңайлы. Талапқа сай, өздерін таныстырған соң топ көрермендердің назарына ерекше мақамдағы бейнебаянды ұсынды. Мұнда сарбаздардың ата-аналары мен өнер көгіндегі жұлдыздар сайысқа қатысқалы тұрған командаға сәттілік тілейді…
…Ал осыдан кейін жас жігіттер қамшыны басты дейсің. Өздері әзіл десе, ішкен астарын жерге қоятындар екен. Шекара басқармасынан бастап, өздері қызмет атқаратын шекара бөлімшесінің бастығына дейін сатираның садағына ілініп, зал толы көрерменнің ішек-сілесін қатырған. Арасында бір сәт домбыраға да кезек беріп қояды. Айтпақшы өздері айналдырған бес әзілкеш болса да қарсыластарын он орап алатын күшке ие болып шықты…
Жеребе бойынша екінші болған «Алаш» командасы сахна төріне шыға салып, бірден құтырынып шыға келген бураның кейпіне енген. Бәрінен де «құласаң, нардан құла» демекші, өздерінің ұтқыр әзілдерін ең алдымен «БМП» командасына арнады. Сөйтіп, Шекара қызметінің күретамыры саналатын басқарманың намысын қорғауға бел шеше кіріскен команданы бір «сілкіп» алған соң қалған қарсыластарына «ауыз» салған…
…Қуанарлығы сол, командалар өмірдегі еріксіз «күлеміз бе, қайтеміз» дегізетін түйткілдерді өздерінің әдемі әзілдері арқылы бір түйреп алуды ұмытқан жоқ. Мәселен, әскери комиссариаттардың қызметкерлері әскерге адам жинау үшін көшеге «аңшылыққа» қалай шығатындарын айнытпай салған. Иә, бұл ащы да болса шындық еді…
Сахнаға үшінші болып, «БМП» командасы көтерілді. Осы жерде бір таңғаларлығы, өзінің көңілді тапқырларын шаршы топтың алдына шығарған басқарма команданы жасақтауға келгенде аянып қалмаған сыңайлы. «БМП» дегеніміз, «Болашақ мемлекеттің патриоттары» деп, айды аспанға бір-ақ шығарған топ мүшелерінің қатары басқаларға қарағанда молдау болып шықты. Бұған екі аруды қосыңыз…
Обалы нешік, «БМП» аянып қалған жоқ. Әскери өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарындағы көріністерді әзілге қосты, «артық қыламын деп, тыртық қылатындарды» әжуалады. Қысқасы, басқа қарсыластары секілді көрермендерді күлкіге қарқ қылған. Тек, сайыстың «Үй тапсырмасы» деген бөліміне келгенде, біз көңілді тапқырлардың сайысында емес, Алматы төріндегі әкемтеатрда отырғандай сезінген едік.
Өйткені, «Қарасай батыр», «Алаш» командалары тапсырмаға сәйкес, Ұлы Отан соғысы жылдарынан езу тартқызарлық сахналық көрініс ұйымдастырса, «БМП» тобы 1979 жылы басталып, тура он жылға созылған Ауған соғысын сахналауды шешіпті. Бір сөзбен айтқанда, жаңа ғана күлкіге көмілгендер бір-ақ сәтте мұңға бөленіп шыға келген. Ауған жерінен мәңгілік қайтпай қалған батырларды бір минут еске алуға шақырды. Әскерге шығарып салған ананың көз жасы.., бұдан әрі болған оқиғалар – бәрі-бәрі бүгін болуға тиіс күлкінің соңын көз жасына айналдырып еді…
Әрине, мұнымен біз «БМП» командасын сынаудан аулақпыз. Айтқымыз келгені, аталған топ адамдарды күлдіре де, жылата да алып еді.
…Осылай, теңіздің буырқанған толқыны секілді алдындағысын бұзып-жарып өте шыққан сайысты әділқазылар алқасының төрағасы полковник А.Мұналбаев қорытып, жеңімпаздарды марапаттады.
Сонымен, сайыстың бас жүлдесін «Қастек» шекара бөлімшесінің командасы жеңіп алды.Бірінші орынды – «БМП», 2-ші орынды – «Алаш» иеленсе, 3-ші орынды – «Райымбек батыр» командасы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар департамент бастығының грамотасымен, ауыспалы кубокпен марапатталды.
Тамаша жаңалық, конкурста жеңіске жеткен команда алда ҰҚК Шекара қызметінің аясында өтетін аламан бәйгеге жолдама алады.
Біз – күлкіні дәруменге балаймыз. Ендеше, бүгін қаншама шекарашыға күлкі дәрумені «тегін» таратылды десеңізші!..
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.
2024-06-24