ӘЛІ ДЕ АТҚАРЫЛАР ЖҰМЫСТАР КӨП
Posted by: Қалмұрат
in Әлеумет, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
23/06/2024
12 Views
Бүгінде мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясы мен оны пайдаланушылар саны еліміз Тәуелсіздік алған кездердегі уақытпен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Алайда, осы нәтижені қанағат тұтып, арқаны кеңге салуға болмайды, мемлекеттік тілімізге қазірде де төніп тұрған қауіп-қатерлер жетіп-артылады.
Кезінде мемлекеттік тілімізге басты бәсекелес саналған ресми тіл – орыс тілін қолданушылар саны бүгінде бірнеше есеге азайып кетті. Бұған бірнеше себептер де бар. 1980 жылдардың соңынан бастап сол тілдің негізгі тұтынушылары саналатын – гректер, немістер, еврейлер, кәрістер мен өзге де ұлт өкілдері өздерінің тарихи отандарына қарай жаппай көше бастады. Өз кезегінде елімізге Өзбекстан, Қытай, Иран, Ауғанстан, Моңғолия мекілді елдерден қандастарымыз көптеп көшіп келе бастады. Ал ол қандастарымыз кезінде орыс тіліне жақын ортада өмір сүрмегендіктен, өз балаларын қазақ тілді мектептерге беріп, мемлекеттік тілде білім беретін білім беру ордаларының санын артса, орыс тілінде сабақ беретін мектептердің саны біртіндеп азая бастады. Уақыт өте келе жоғары оқу орындарында сол тілде білім беретін бөлімдердің де біршамасы жабылды. Ал 2000 жылдардан бастап қазірге уақытқа дейін орыс тілділер көп қоңыстанған солтүстік өңірлердің тұрғындары Ресейге немесе жақсы өмір іздеп Батыс Еуропа мен АҚШ, Канада секілді елдерге қоңыс аударуды бастады. Бұл жай ол өңірлерде жергілікті ұлт өкілдерінің үлес санының артуына сеп болды. Бұған қоса ел халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстік аймақтарға қоңыстандыруға арналған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында сол өңірлердегі қандастарымыздың саны бірнеше есе артты. Бұл жай да өз кезегінде сол аймақтарда мемлекеттік тілдің ауқымын қеңейтуге өз үлесін қосуда. Жоғарыдағы жайларға қосымша 1990 жылдардан бастап, еліміздің еңбек жасындағы қазақ тілді азаматтардың жұмыс іздеп ірі қалаларға қоңыс аударуы сол жерлерде олардың үлестерінің артуына және қазақ тілді мектептердің санының артуына үлкен сеп болуда.
Бұл жерде мемлекеттік тілде білім беретін мектептер санының көбейіп жатқаны бекерге сөз болып жатқан жоқ. Сол білім ордаларында білім алған жас азаматтарымыз мемлекеттік тіліміздің ауқымының артуына барынша үлес қоса беретін болады. Мысалға солардың ұрпақтары ер жетіп, бүгінде ғаламтордағы Тик-Ток, Ютуб пен басқа да әлеуметтік желілерде қазақ тілді аккаунттар мен сайттар, контенттердің саны күннен-күнге артуына себепкер болуда.
Елімізде орыс тілінің ауқымының тарылуының тағы бір себебі – Ресейдің 2014 жылы Қырымды өзіне қосып алуы және 2022 жылы Украина аумағында соғыс қимылдарын бастауы дер едік. Сол әрекеттердің салдарынан елімізде орыс тіліне ғана емес, сол тілде сөйлейтіндерге деген теріс көзқарастың күшеюіне себепкер болғаны жасырын емес… 2023 жылы Ресейде Украинадағы соғысқа орай жарияланған мобилизация кезінде, 1990 жылдары көшіп кеткен орыстардың біразы қашып қайтадан Қазақстанға келгендерімен, ел аумағында орыс тілінің қауқары күрт артады деу жансақтық болар еді.
Бірақ осы аталған жайларға қарап республикамызда орыс тілінің «күні бітті» деу артықтық болар еді. Себебі, ел азаматтарының ес білгенінен, егдесіне дейін қолданылатын ғаламторда орыс тілі үстем және арнайы тереңдетіп білім беретін мектептерде орыс тілді пәндерге басымдылық беріледі. Сонымен қатар, Ресеймен түрлі салада тығыз байланысымыз күшті, сол себепті әлі де ол тілді жиі қолданатынымыз анық. Сонда да, кезінде халық арасында кең тараған «Орысша білмесең аштан қаласың!» деген пікірдің уақыты өткені анық…
Елімізде орыс тілінен басқа бүгінде мемлекеттік тілімізге лайықты бәсекелес бола алатын тілдер жоқ деп сеніммен айтқанмен алайда, соңғы жылдары тілдік қорымызға ағылшын, араб, түрік тілдерінен бей-берекет, қате аудармамен енген көптеген сөздер мен терминдердің кесірінен бір қазақтың сөзін, екінші қандасымыз түсінбейтін жағдайға жетейін деп отырмыз. Бұның алдын алу үшін тиісті жұмыстарды қарқынды түрде жүргізуіміз қажет.
Қорыта айтатын болсақ, осы жылдар ішінде елімізде мемлекеттік тіліміздің беделі әжептәуір артты, оны қолданатын қандастарымыз бен өзге ұлт өкілдерінің де саны артты. Өзге ұлт өкілдері де біртіндеп, өзгелерімен түсінісу үшін бұрыңғыдай орыс тілін емес, қазақ тілін пайдаланатын жағдайға жетті, бұл қуантарлық жағдай. Ендігі мәселе осы жетістігімізді одан әрі дамыта отырып, өзге тілдерден енетін сөздер мен терминдерді тілімізге сол күйі өзгеріссіз ендіруді тоқтатып, орнына солардың тіліміздегі лайықты баламаларын қолдануымыз керек. Сонда ғана мемлекеттік тіл саласында айтулы жетістікке жете алатын боламыз!
Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
2024-06-23