БАР МҮМКІНДІКТІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Білім саласы, Өзекті мәселе, Руханият, Саясат
05/07/2024
11 Views
Кез-келген елдің мемлекеттік тілі оның халықаралық деңгейде өзіндік айырмашылығын білдіруші символының бірі болып табылады. Біздің елде сондай символдың – қазақ тілі екені Ата Заңымызда нақты көрсетілген. Сол себепті оны қадірлеп, құрметтеу – ұлтына немесе жынысына, ұстанған діни не саяси ұстаныма қарамастан әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болуы тиіс.
Еліміз Тәуелсіздік алған сәттен бері мемлекетіміздің аумағында және шет елдерде оның қадірін арттыруға бағытталған біршама жұмыстар атқарылды және атқарылуда да. Бұл салада біраз айтулы нәтижелер де бар, алайда әлі де атқарылар жұмыстар жетерлік.
Шет мемлекеттерде тілімізді дәріптеу үшін әдеттегідей түрлі ғылыми жиындар өткізу, беделді басылымдарға тапсырысты материалдар жариялаудан бөлек, мемлекеттік тілімізде хабарлар таратушы спутниктік телеарналар мен танымдық желілік басылымдардың санын көбейтіп, оларды шетелдік аудиторияның талғамына сай келетін материалдармен толықтыруымыз керек. Бұл мақсатта мемлекеттік және жеке серіктестік бағдарламасын қолдану тиімді болар еді деп ойлаймын. Себебі, сондай ақпарат құралдары арқылы шет елдердегі әлеуеті мол жаңа нарықтарға өз қызметі мен өнімдерін ұсынуға кәсіпкерлеріміз қуана-қуана келісерлері анық.
Тағы бір бағыт шет елдіктерге өзіміздің ұлттық өнер мен спорттық жетістіктерімізді барынша насихаттап, мүмкіндік болса, солар бойынша халықаралық жарыстар өткізуіміз қажет. Мысалы бүгінде «Каратэ-до» мен «Тхэквендо» секілді спорттық немесе «Танго» секілді би сайыстарында міндетті түрде сол өнер түрі шыққан елдердің мемлекеттік тілдерінен шыққан терминдер қолданылады. Біздің «Қазақша күрес» пен басқа да спорттық өнерлеріміз халықаралық деңгейге жетсе, ана тіліміздің де айбыны асқақтай берері анық. Бұл бағытта Димаш Құдайбергеннің өнерін үлгі етіп алуымызға болады. Соның ерекше дауысына тәнті болған көптеген шетелдік жанкүйерлері мемлекеттік тілімізде ән шырқауда. Сондай отаншыл ерекше дарынды азаматтарды қолдап, олардың халықаралық деңгейде өз мүмкіндіктерін көрсетулеріне жағдайлар жасауымыз керек. Бұдан жан-жақты ұтарымыз анық.
Енді ел ішіне келетін болсақ, өзге ұлт өкілдерімен қарым-қатынас құралы ретінде бұрыңғыдай орыс тілін емес, мемлекеттік тілді барынша қолдану керектігін ел тұрғындарына жан-жақты түсіндіруіміз керек. Осы бағытта өзге ұлт өкілдері арасында жұмыстар жүргізіліп, оң нәтижеге қол жеткізсек, онда мемлекеттік тілді үйренушілердің қатары артары анық.
Бүгінгі ақпараттық технологиялар заманында ғаламтордың көмегіне жүгінбейтін адам некен-саяқ. Түрлі әлеуметтік желілерден бастап, маңызды ғылыми жаңалықтарды ашуда оның көмегі ұшан-теңіз. Ол салаға әсіресе жастар жағы құмар. Сол себепті де соның көмегімен мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуші әрекеттерге де мән беруіміз қажет. Балабақшаның жоғары топ тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушылары үшін қазақ тілінде олардың танымдарын арттырушы электронды ойындар мен жұмбақтар, өзге ұлт өкілдерінің балалары үшін қазақ тілін үйретуші викториналық тапсырмалар көптеп ұсынылса. Ал жүлде ретінде очколар мен «түрлі атақтар» берілсе, жас балалардың сол бағдарламаларға деген қызығушылықтары артары анық. Мұндай электронды ойындардың өзге ұлттардың ересек өкілдеріне арналған нұсқаларының да жасалғаны тиімді болар еді. Солар арқылы олар мемлекеттік тілімізді тезірек меңгеріп алары сөзсіз.
Ал жоғары сыныптардың оқушылары, студенттер мен ғаламтордан өзіне қажетті ақпарат іздеушілер үшін бірінші кезекте «Гугл», «Яндекс» секілді ақпараттық іздеуші жүйелерден бастап, өзге тілдегі ақпараттарды автоматты түрде мемлекеттік тілге тез аударушы бағдарламаларды көптеп жасауымыз тиіс. Және оларді іске қосу әдістері қарапайым болып, ол жұмысты мектеп окушысы да, жасы егде адам да тез меңгере алатын болуы қажет. Бұл жайға мән беріп отырған себебім, өкінішке орай әлі де маңызды ақпараттардың қазақ тіліндегі нұсқалары аз болып тұр. Сол үшін адамдар өзіне қажетті ақпаратты алдымен аудиториясы көптеу орыс, тіпті болмай бара жатса, ағылшын тілді сайттардан іздеуге мәжбүр. Себебі, солардан қажетті нәрсені тезірек табу мүмкіндігі жоғары. Ал содан кейін сол ақпараттарды қайта қазақ тіліне аудару керек дегендей… Егер де аудармашы бағдарламалар сапалы болса жақсы ғой, болмаса онда қосымша еңбектенуге тура келеді. Ал әрбір минуттың өзі маңызды болып тұратын жағдайларда бұл жайдың үлкен рөл атқаратыны белгілі. Одан бөлек, мемлекеттік тілде жұмыс істеуші жасанды интеллект жасауға да баса мән беру керек. Бұл дарынды жастарымыздың қолынан келетін іс деп ойлаймын. Егер де ол жоғары деңгейде ойластырылса, еліміздің абыройын асқақтатары сөзсіз.
Қорыта айтсақ, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтіп, оның әлемдік деңгейдегі тілдердің қатарынан лайықты орын алуы үшін көпшіліктің сұранысын тудырушы түрлі әдіс-тәсілдерді жасауымыз қажет. Сонда ғана оң нәтижелерге қол жеткізеріміз анық.
Қалмұрат ДӘУЛЕТБАЕВ,
«Құнанбай қажы атындағы Алаш аудармашылар одағы» Қоғамдық қорының мүшесі.
2024-07-05