КӘСІПКЕР АУЫЛЫНА СПОРТ КЕШЕНІН САЛЫП БЕРДІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Жас буын, Кәсіпкерлік, Саясат, Спорт
11/07/2024
17 Views
«Туған жерге туыңды тік» деп ата-бабамыз бекерге айтпаған. Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен алтын бесік ауылыңа, өз өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.
Туған жерін түлетуге ерекше көңіл бөліп, мүмкіндігінше қызметін жасап келе жатқан табысты кәсіпкерлердің бірі Ердос Мамырайымов Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Әбиболла елді мекенінен ауыл балаларына арнар спорт кешенін сыйға тартты. Бұған дейін ауылда қазіргі заман талабына сай спорт кешіні болмаған.
Әмбебап спорт кешенінің ашылу салтанатына Қазыбек би ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Мутаев пен «Ұлттық спорт» КММ директоры Ерлан Райымбердиев, Құрбан ата ауылының биі Досым Ахметов пен ардагер спортшылар, ауыл ақсақалдары мен жастар қатысты.
«Округ жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, бұқаралық спортты дамыту, өскелең ұрпақты спортқа тәрбиелеу мақсатында іске қосылып отырған спорт кешенінде жаттыққан қара домалақ ұлдарымыздың арасынан танымал спортшылар мен атақты азаматтар шыға берсін! Спортқа бейім баланың бойында жаман әдеттер мен теріс қылық болмайды. Ойы да сергек болады» деді округ әкімі Нұрлыбек Сағынбекұлы.
Айта кетейік, қос қабатты ғимаратта ауыл балалары енді спорттың күрес, үстел теннисі, таэквондо, спорт биі және шахмат сынды түрлерімен тегін жаттығуларына мүмкіндік жасалып отыр. Ауыл көркіне сән берген спорттық кешеннің салтанатты ашылуында 30, 40, 50, 55 және 60 келі салмақта жас балуандар боз кілемге шығып, өзара мықтыларды анықтады. Жауырыны жерге тимей, өзгелерден оқ бойы озық шыққандар ұйымдастырушылардың арнайы жүлделерімен марапатталды.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2024-07-11