МАМАНДАР ШАРУАЛАРҒА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУДЕ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Экономика
25/06/2024
1 Views
Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, шаруа қожалықтарының басшылармен жолығып, оларға мақта зиянкестеріне қарсы күрес тәсілдерін түсіндіруде және де ағын суды тиімді пайдалануға кеңес беруде.
Өкінішке орай, қазіргі таңда аудан көлемінде мақтаның басты зиянкесінің бірі – құрт көбелектерінің 1-ұрпағының ұшу кезеңі басталып, көсек құрты мақта дақылына зиянын тигізіп жатқаны анықталып отыр. Осыған орай, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары шаруа қожалық иелерінен өздеріне тиесілі егістік алқаптарын жаппай көсек құртына қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етулерін сұрауда.
Сонымен қатар мамандар егер де тиісті жұмыстар сапалы түрде жүзеге асырылмаса, шілде айының 5-12 жұлдыздарында болуы мүмкін көсек құрты көбелегінің 2 – кезең ұшуы кезінде жағдай бұдан да күрделеніп кетуі мүмкін деп ескертуде.
Қазіргі таңда «Достық» магистралды каналы арқылы орта есеппен секундына 55 кубометр ағын су келіп жатқан болса, оның 28 секунд кубометр ағын суы Мақтаарал ауданына тиесілі. Осы ағын судың басым бөлігі негізінен күріш, бақша дақылдарын суғаруға жіберілуде.
Атап кетерлігі, бөлімнің жауапты мамандары – «Жоспар бойынша 10 күн шамасында бақша дақылы толығымен суғарылып бітеді. Шілде айының 1-ші жұлдызынан бастап мақта дақылына қажетті су көлемін алуды ұйымдастыруымыз қажет. Себебі, аудан бойынша 33,6 мың гектар алқап мақта дақылы бір мезгілде ағын суды қажет тұтатын болса, су тапшылығы орын алуы мүмкін, сондай-ақ мемлекетаралық бекітілген хаттамаға сәйкес, тамыз айының 1-жұлдызынанан бастап ауданға келетін ағын су көлемі қысқартылатын болады»-деп, шаруаларды жаздың әрбір күнін тиімді пайдалануға шақыруда.
Сұңғат ҚУАНЫШБЕК.
2024-06-25