ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ МАҢЫЗДЫ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ КӨРДІ
Posted by: Қалмұрат
in Билік, Өзекті мәселе
23/06/2024
3 Views
Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев келіп, аудандағы салынып жатқан және күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандармен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаевқа, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Төребаев алдымен Мақтаарал ауылдық округіндегі, 200 оқушы жазғы сауықтыру қызметтерін алып жатқан «Толағай» лагеріне алып барды. Мұнда балалардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары орнатылған. Аудан басшылығы демалыс орнын күрделі жөндеуден өткізуге ұсыныс білдірді.
Бейсен Дәулетұлы барған кезекті нысан – Атакент кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы №6 мектебіндегі күрделі жөндеу құрылысы биыл маусым айында басталған. 570 орындық осы білім ошағын келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, ол А.Пушкин атындағы №7 мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қадағалап, мердігерлерге жұмысшы күшін екі есе көбейту және құрылыс сапасына аса мән беруді тапсырды. Сапар аясында облыс әкімінің орынбасарына М.Тұрсын-заде атындағы білім ұясының да қиын жағдайы көрсетілді.
Білім ордаларынан бөлек Бейсен Тәжібаев мырза А.Қалыбеков ауылдық округіндегі Төрткүл елдімекенінде салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы да көріп, ауданда мәдениет саласында инфрақұрылымды жақсартуға жақсы көңіл бөлінгенінің куәсі болды. Соңғы жылда 2 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл наурыз айында басталған Алғабас елдімекеніндегі Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған мерзімінен бұрын аяқталады деп күтілуде.
2024-06-23