АПТАПТАҒЫ АРПАЛЫС
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Мерекелік шара, Спорт
28/07/2024
7 Views
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының полигонында мергендік пен желаяқтықты қатар еншілеген шекарашылардың басын қосқан қызметтік биатлоннантурнир өтті. ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметі директорының кубогын сарапқа салған сайысқа 15 команда қатысты.
Айта кетерлігі, сайыс Шекара қызметінің аясында алғаш рет өтіп отыр. Осы аламанның жеңімпазы атанған командалар тамыз айында өтетін халықаралық жарысқа қатысуға жолдама алады. Сондықтан, шекарашылардың намысын қорғау үшін жасақталатын құрама команданың қатарына кіру үшін желаяқтар мен мергендер бүгінгі сайыста қапы қалмауға тиіс! Бізбен сұхбатында, республика деңгейінде алғаш рет өткелі тұрған турнирдың бас төрешісі, ҰҚК Шекара қызметі Әскерлер қызметі және жауынгерлік дайындық департаменті жедел және жауынгерлік дайындық басқармасының консультанты подполковник Руслан Кембаев осы жағына баса мән берген болатын. Бізге тағы белгілі болғаны, әр команданың құрамында сегіз әскери қызметші бар. Олардың екеуі (40 жастан асқан ер адам болуы тиіс, сондай-ақ, жарысқа қатысушы әйелдің жасына шектеу жоқ) 1500 метр қашықтыққа жүгіріп, Макаров тапаншасынан нысана көздейді. Екі спортшыны (30-40 жас аралығындағы ерлер) 3 шақырым күтіп тұр. Мұнда команданың бір мүшесі тапаншадан, екіншісі Калашников автоматынан нысанаға тигізіп, мергендігін танытуы керек. Тағы екі сайыпқыран (30 жасқа дейінгі ер адамдар) 5000 метрлік қашықтыққа жүгіреді. Олардың бірі тапаншамен, екіншісі автоматпен жүгіреді. Сонымен қатар, әр команданың өз өкілі мен жаттықтырушысы бар.
…Алдымен, дүйсенбі күні турнир еліміздің Әнұранымен ашылып, бұдан әрі сөз Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы подполковник А.Ахметовке берілді. Басқарма басшысы сайыстың мақсатына тоқталған соң, өздерін жеңіс тұғырынан көргісі келетін командаларға сәттілік тіледі.
Осыдан кейін басқарманың клубында жарысты қай команданың бастайтынын анықтау үшін жеребе тасталды. Әрі қарай, полигонға аттанған қатысушылар мұнда күні ертең басталғалы тұрған бәйгеге дайындықтарын пысықтады. Турнирдің тәртіптері тәптіштеліп, түсіндірілді.
Әрі қарай, турнирді командалардағы қыздар бастап, бір жарым шақырымдық жерді іштеріндегі ең мықтылар жүгіріп өтіп, мерейлері тасып шыға келген.
Жалпы, «спорт деген бір сиқыр» деп дұрыс айтқан. Әсіресе, әр команданың жетекшісі мен жаттықтырушысы, қалған қатысушылар жарыс басталды дегенше, «аттандап» шығатын жанкүйерге айналып шыға келсе…
– Бас, бас қамшыны!
– Жүгір, аяма өзіңді!
– Әдемі, әдемі, енді жүгір!..
– Қайда атып жатырсың, сенікі екінші нысана…
– Асықпай көзде…
Осылайша, аса тартыспен өткен сайыс кезінде ҰҚК Шекара қызметі Арнаулы мақсаттағы басқармасының командасы әдеттегідей мықтылық танытып еді. Содан кейін Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары бойынша департаменттері дайындаған командалар дес берген жоқ. Эстафеталық және жалпы командалық сайыс кезінде тек осылар ғана халықаралық түгілі әлемдік чемпионатқа да қатысуға тас-түйін әзір екендіктерін дәлелдеген.
…Сөйтіп, шіліңгір шілденің астында аса тартыспен өткен турнирдың жабылу салтанатына Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбиешілері де мықтап дайындалғанға ұқсайды. Жеңімпаздарды ұлықтаған рәсім аудандық мәдениет үйінде өтіп, соңы патриоттық рухтағы концерттік бағдарламаға ұласқан. Ал өнер көрсеткен… аталған өнер ошағының өңірге танымал әншілері мен бишілері.
…Сонымен, кім жеңгенін өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар! Алдымен эстафета бойынша: жүлделі 1-ші орынды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің құрама командасы жеңіп алды! 2-ші орынды Абай облысы бойынша департаментінің кіл мықтыларынан тұратын командасы иеленіп, мерейлері тасыды. Ал 3-ші орынды ҰҚК Шекара қызметі Арнаулы мақсаттағы басқармасының сайыпқырандары қанжығаларына байлады.
Енді жалпы команда бойынша жеңіске жеткендер келсек, 1-ші орын –Арнаулы мақсаттағы басқармасының командасына (осы кезде аталған басқарманың әнұранына айналған «Арнайы жасақ, арнайы мақсат» атты әні де кең залды кернеп үлгерген еді) берілді. 2-ші орынды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің құрама командасы,3-ші орынды Абай облысы бойынша департаменті иеленді. Осылайша, орындарын «ауыстырғандары» болмаса, ҰҚК Шекара қызметі директорының кубогы үшін осы турнирде ешкімге дес бермеген үш команданың атақтары жер жарды…
Жеңімпаз командаларды, жарыс кезінде жоғары көрсеткішке қол жеткізген жекелеген спортшыларды ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник Арнұр Мұналбаев құттықтап, оларды кубокпен, грамота және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Міне, осылайша, дүбірлетіп өте шыққан ведомстволық сайыс қай команданың алдағы тамыз айында өтетін халықаралық турнирге жолдама алатынын көрсетіп берді. Ендеше, нағыз арпалыс алда!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.
2024-07-28