ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ЖЕТІСАЙДА БАС ҚОСТЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Билік, Саясат
01/08/2024
12 Views
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракцияның кезекті көшпелі отырысы бүгін Жетісай ауданында жалғасты. Партияның аудандық филиалының мәжіліс залында өткен жиын, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігімен өтті. Облыстық мәслихаттағы партия өкілдерінің жұмыс жиынына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Алмаханұлы Әбішов, облыстық мәслихаттың депутаттары-фракция мүшелері, облыстық басқармалар мен мекемелердің жауапты өкілдері, Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандық мәслихат депутаттарының бірқатары, аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Жұмыс жиынын ашқан Алтынсары Дүйсенбекұлы, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік құрылымдардың есеп беруі мен ашықтығын қамтамасыз етуде мемлекеттік атқарушы және өкілді билік тармақтарының өзара ықпалдастығын арттыруға басымдық бергенін айтты. Осы орайда, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияға мүше депуттардың басын қосқан жиындарды аудан, қалаларда өткізу үрдісі қолға алынғанын, осы жиындарда аумақтардағы өзекті деген мәселелерді қарастыру, оларды оңтайлы шешуде атқарылып жатқан жұмыстарды талқылап-таразылау мәселесі жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Фракция депутаттарының Жетісай ауданында өткізіп жатқан көшпелі жиынында өзекті деген үш мәселе күн тәртібіне қойылғанын мәлімдеді. Оның ішінде мемлекеттік бағдарлама мен партияның сайлауалды бағдарламасының жол картасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау мәселесі, партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан өңірінде іске асыру жөніндегі Жол картасы бойынша ауызсумен, табиғи газбен, жылумен қамту міндеттемелерінің орындалуы, Түркістан облысы бойынша каналдарды күрделі жөндеуден өткізу және ауыл дихандарын ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жауапты өкілдердің есептері тыңдалатынын жеткізді.
Партияның Сайлауалды бағдарламасын өңірімізде іске асыру жөніндегі Жол картасының мектептер құрылысына қатысты тармақтарының орындалуы туралы Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Тәжібай Егетаев баяндады. Жауапты өкілдің мәлімдеуінше, биылғы жылы облыстық бюджет есебінен 20 мектептің құрылысы басталған. Оның ішінде жыл соңына дейін 13 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсыру жоспарланғанын атап өтті. Осы мектептердің ішінен Қазығұрт, Отырар, Төлеби аудандарында орналасқан 4 мектептің құрылысы аяқталу сатысына жеткенін, биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға берілетінін айтты. Қалған 9 мектептің құрылысы жыл соңында аяқталатын болады.
Мәжіліске қатысушы депуттатар, сайлаушылардың мектеп құрылыстары бойынша көтеріп жатқан мәселелерін қозғап, жауапты мемлекеттік орган өкілінен әр аймақ кесіндісінде нақты мағлұматтар беруді сұрады. Құрылыс сапасын көтеру, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік қабылдаудан өткен нысандарда анықталған техникалық ақауларды мердігер ұйымдар есебінен жөнге келтіру мәселелері де аманаттық өкілдер тарапынан кеңінен қозғалды. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы бойынша Жетісай, Мақтаарал аудандарында сапалы білім беру ұйымдарын салу керектігіне көңіл бөлді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының ауызсумен, табиғи газбен, жылумен қамту тармақтарының орындалуы бойынша Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков есеп берді. Басқарма тарапынан жүргізілген талдауларға сәйкес, облыстағы 829 елді мекеннің 739 елді мекені ауыз сумен қамтылған. Қабылданған жоспар бойынша, өткен жылы 20 елді мекен ауыз сумен қамтылса, биылғы жылы қосымша 29 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары қолға алынған. Ал 2025 жылы – 61 елді мекенде ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізілмек. Ауыз су саласы бойынша 2023 жылы 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 млрд. теңге бөлінген. Соның ішінде, 36 нысанда құрылыс жұмыстары аяқталған, қалған 34 нысан биылғы жылға өтпелі болған. Нәтижесінде, 20 елді мекен ауыз сумен қамтылған, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылған. Сонымен қатар, 3 елді мекенде су тазалау имараты мен су жинау қоймасы салынған, 15 мөлтек ауданда су құбырлары тартылған.
Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 829 елді мекеннің 510 елді мекені немесе барлық елді мекендердің 61,5 пайызы, тұрғындарға шаққанда 1 746 129 тұрғын немесе өңір тұрғындарының 81,5 пайызы табиғи газ жүйелеріне қосылуға мүмкіндік алған. Биылғы жылы 114 нысанның құрылысына 21,9 млрд.теңге бөлінген, оның ішінде 54 нысанның құрылысы биылғы жылы аяқталмақ. Қалған 60 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылға өтпелі болып отыр. 2024 жылы қолға алынған газ жүйелерін салу жұмыстары 47 елді мекеннді қамтиды, 9 жеткізуші газ құбырлары тартылуда, 1 автоматты газ тарату станциясының құрылысы басталған. Жыл қорытындысымен табиғи газге қол жеткізген елді мекендедің саны 557-ге жететін болады.
Жиын барысында Жетісай ауданының тұрғындары тұтынуға мәжбүр болып отырған сапасыз ауыз су мәселесі көбірек қозғалды. Депутаттар, аудан жұртшылығы судың сапасына байланысты шағымдарын білдіріп, мәселенің өте өзекті екенін айтты. Тиісті басқармадан қадағалауды күшейтуді талап етті, тұтынушыларға ауыз судың тәулік бойы үздіксіз берілуін және халық тұтынып отырған ауыз судың тазалығын қамту мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Тұрмыс-тіршілігі – егін шаруашылығына байланған аудан тұрғындары үшін ағын су жетіспеушілігі – күн тәртібінде тұрған ең басты мәселенің бірі. Фракцияның көшпелі мәжілісіне «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Түркістан облысы бойынша жауапты өкілдері шақырытылып, ағын су мәселесі бойынша тұрғындардан түсіп жатқан шағымдарды көпшілік талқысына шығару, олар бойынша нақты шешімдер қабылдау мәселесі көзделген болатын.
Ағын су мәселесі бойынша ауданда қалыптасқан күрделі ахуалды бағамдауда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бастаған аманаттық өкілдер Жетісай ауданына бір күн бұрын келіп, аудандағы негізгі су арналарының қазіргі жағдайын зерделеді, ауыл тұрғындарымен, аграрлық құрылымдар жетекшілерімен, қарапайым дихандармен жүздесіп, егістітікке су жеткізудегі қиындықтармен танысып, білді.
Аудан жұртшылығының ағын су мәселесі бойынша өкпе-реніштері, базына-баяндары фракция мәжілісіне қатысқан «Қазсушар» ұйымы өңірлік филиалының бас инженері Дархан Ысқаққа жеткізілді. Депутаттар ұйым өкілінен қойылған сауалдарға нақты жауап беруін талап етті. Өзекті мәселені талқылау барысында су тарифі жыл сайын өсетіні, бірақ соған сай қызмет көрсетілмейтіні айтылды. Су арналары бетонмен бекітілмегендіктен, су жоғалуының деңгейі жоғары екені назарға алынды, ағын су жетіспеушілігінің бірден-бір себебі – арықтар мен каналдардың уақытылы тазаланбайтыны, бұл жұмыстарды атқаруға техниканың жоқтығы қолбайлау болып отырғаны мәлімделді. Жер асты су деңгейін төмендету бойынша да кешенді жұмыстар жүргізу керектігі айтылды. Су үнемдеу технологияларын енгізуде пәрменді жұмыстарды қолға алу қажет екені де кеңінен қозғалды.
Көшпелі мәжілістің қорытындысымен тиісті шешімдер қабылданды және олардың орындалуы партияның өңірлік филиалының бақылауына алынды.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2024-08-01