ЖЕТІСАЙДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар
26/08/2024
13 Views
Жетісай ауданы әкімдігі мен Жетісай ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандағы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасы балаларының мектеп бағдарламаларына қатыспауын болдырмау, сабақтарына толық қатысуларын қамтамасыз ету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» Республикалық акциясы өтті. Акция барысында мектеп оқушыларына сабаққа қажетті оқу құралдары, кітап-дәптерлері мен қалам-сөмкелері, мектеп формалары нарықтағы бағадан арзан бағада сатылды.
Мыңнан астам ата-аналардың қатысуымен өткен жәрмеңке облыс және аудан аумағындағы мектеп оқушыларының киім үлгісін өндірушілері мен сатушылары, кеңсе тауарлары мен мектепке қажетті заттарды сатушы 50-ге тарта кәсіпкер аудан тұрғындары үшін өз өнімдерін, тауарларын базар бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада ұсынды.
«Ұйымдастырылып отырған акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы отбасы балаларына мүмкіндігінше көмек көрсету. Жақсылық жасауға кәсіпкерлерді жұмылдыру» дейді Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов.
Жетісай қаласындағы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ауласында өткен акция барысында аудандық білім бөлімі кәсіподағы мен жергілікті жомарт жандардың демеушілігімен 120 балаға мектеп формалары мен қажетті құрал-жабдықтары тегін үлестірілді. Одан бөлек, «AMANAT» партиясынан аудандық мәслихатқа сайланған депутаттар «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы аясында 90 бүлдіршінге демеушілік жасаса, тағы 150-ге тарта баланы қуантуды жоспарлап отыр.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2024-08-26