ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Білім саласы, Жаңалықтар, Жас буын, Мерекелік шара
31/08/2024
45 Views
Білім – адамдардың белгілі бір жүйедегі ұғымдарының, деректері мен пайымдауларының жиынтығы болғандықтан үнемі ізденіс пен дамуды қажет етеді. Өйткені, адамзат мәдениетінің ең ауқымды ұғымдарының бірі де осы білім саласы.
Бүгінде бұл салаға үлкен көңіл бөлініп, болашақ ұрпақтың заман талабына сай білім алуына кеңінен жағдайлар жасап талантты да талапты бүлдіршіндердің басын қосқан, бағыт-бағдарын айқындайтын «ЖанАру» бастауыш мектебі бүгін ресми түрде өз жұмысын бастады. Мектепке дайындық, 1 – 4 сынып оқушыларына заман талабына сай сапалы білім мен саналы тәрбие беретін 235 орындық жекеменшік мектепте қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дәріс өтеді.
Білім ұясының салтанатты ашылу рәсіміне Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен аудандық мәслихат депутаты Эльмира Темірбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбет пен аудандық іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Набаткүл Байтанаева, ата-аналар қатысты. Әлемдік стандарттарға сай жаңа білім беру бағдарламасын, заманауи озық тәжірибелерді қолдана отырып білім сапасын арттыру, оқушыларды халықаралық деңгейге шығарып, креативті ойлау көзқарасьарын қалыптастыру жолындағы қажырлы еңбектеріне сәттілік пен табыс тіледі.
Айта кететін жәйт – мұндағы оқушылардың білім кеңістігінде ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізулері үшін барлық жағдайлар жасалып, тегін оқулықтармен, көлік тасымалымен және күнделікті 2 мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Оқушы мен мұғалім арасында қарама-қайшылықты болдырмау, білім алу барысында жайсыздықтарға жол бермеу, оқушының білім алуға деген құштарлығын арттыру мақсатында, бүлдіршіндердің сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдаланулары үшін қосымша би, ән-саз, бейнелеу үйірмелері, шахмат, тоғызқұмалақ пен футбол секілді спорттық, пәндік үйірмелер жұмыс істейді.
Бауыржан НАЙМАНОВ.
2024-08-31