Бүгінде елімізде өндірілетін электр энергиясы негізінен көмір, газ, мазут секілді отындарды пайдалана отырып алынатындықтан, біздің мемлекетіміз ауаны ластаушы қалдықтарға қатысты халықаралық міндеттемелерін орындауда қиындықтар көруде. Одан бөлек, халықаралық қаржы ұйымдарының көмір электр станцияларын салу не оларды күрделі жөндеуге қатысты жобаларды қаржыландырудан жаппай бас тартып жатқанын да есте ұстауымыз керек. Сонымен қатар, жыл сайын өсіп келе жатқан энергия тапшылығын ескере отырып, ел Үкіметі көміртегісіз энергияға көшу бойынша жұмыстарға кірісіп кетті. Жаңартылатын энергия көздерімен қосарланған атом энергетикасы саласын іске асыру соның бірі болып табылады.
Алайда атом электр стансасын салуға қарсы азаматтар тек ғана оның зиянды тұстарын көп айтып, қарсы уәждерге мән бермеуде. Олар бірақ соған балама бола алатын, арзанға түсетін, жан-жақты қауіпсіз энергия көздерін нақты дәлелдер келтіре отырып айтып бере алмауда. Айтарлары тек «АЭС салынса бітеміз, құримыз» деген жалпылама сөздер ғана. Олардың басты аргументтері – атақты Чернобыл мен Фукусимадағы техногендік апаттар және соғыс қимылдары жүріп жатқан Украйнадағы АЭС-тердің қиын жағдайы. Алайда олар Чернобылдағы апат кезінде сондағы төрт реактордың тек біреуі ғана істен шыққанмен қалғандарының жақында ғана ресми түрде тоқтағанын назарға алмауда. Ал қазіргі Украйна елдегі соғыс қимылдарына қарамастан 2023 жылы өзіндегі АЭС-терінде өндірілген электр энергиясын тіпті Еуропа елдеріне де экспорттаған болатын. Ал Жапония әлі де болса сол энергия көзінен бас тартқан жоқ. Украйнаның көршісі болып табылатын Түркия елінде қазір әлемдегі ең ірі Аккую АЭС-сі салынып жатыр. Бұл ел «Бұл АЭС-міз бір зымынраннан қалмайды немесе «екінші Чернобыл болмаймыз ба!» деп еш қорықпастан құрылыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ көршіміз Өзбек елі де АЭС салуға мықтап кірісіп отыр. Жер көлемі шағын ел, егер апат орын ала қалса бір мезетте миллиондаған адамымыз радиациялық зақымдануға ұшырайды деп түңіліп те жатқан жоқ. Сондай-ақ тағы да бір көршіміз Қытай елі де өз аумағынан қарқынды түрде АЭС-тер көптеп салып жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.
Жоғарыдағы мысалдарды айтып отырған себебіміз, «Егер, анандай болса қайтеміз не мынандай болса не істейміз!» деп шамадан тыс үрке бермей жақсы нәрседен үміттенейік. Еліміздің электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен қамту жағын ойластырайық. Сонда ғана біз экономикалық тұрғыдан алға қарай дамитын боламыз.
Жомарт ҮМІТБЕКҰЛЫ.