МАҚТА ТЕРІМ НАУҚАНЫНА ҚАТЫСТЫ ЖИЫН ӨТТІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Өзекті мәселе, Экономика
05/09/2024
1 Views
Аудан әкімдігінің аппаратында, өңіріміз үшін маңызды науқан – мақта терімді сапалы ұйымдастыру бойынша арнайы жиын болып өтті.
Аудан басшысы Бақыт Насырханұлы төрағалығымен өткен бұл жиынға – аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров, ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен мамандары, сондай-ақ кенттер мен ауылдық округ әкімдері және мақта өңдеу зауыттарының басшылары қатысты.
Биылғы жылы ауданымызда барлығы 60,6 мың гектар егістік жерге түрлі дақылдар егілген болса, оның 33,6 мың гектарына мақта шиті себілді. Қазігі таңда диқандарымыз мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, дефоляция жұмыстарын жүргізіп, мақта жинау науқанын бастағалы тұр.
Жиында аудан басшысы: «Аудан бойынша қазіргі таңда 350 гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл жұмыстарды тездету керек. Мақта жинау техникалары, мақта зауыттары мен мақта қабылдау бекеттері науқанға толық дайын тұр. Күзгі жиын-терім науқанын сәтті өткізу – бәріміздің ортақ міндетіміз!» – деп, залдағыларға науқаннның маңыздылығын түсіндіріп өтті. Ал сөзге шыққан мамандар осы жиын барысында мақта қабылдау бекеттеріндегі таразы, лаборатория мәселелері, шаруалармен келісім-шарттарды рәсімдеу және мақта теріміне қатысатын комбайндардың мәселесі, жалпы жиын-терімге қатысты барлық мәселелерді талқылады.
Бүгінгі таңда мақта терім науқанына дайындау үшін комбайндарға жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілген. Жалпы алғанда биылғы жылы ауданымыз бойынша мақта теріміне 700-ден астам доңғалақты трактор, 900-ге жуық тіркеме және 200-ден астам мақта терім машинасы қатысады деп күтілуде. Осының арқасында мақтаны машиналық әдіспен теруді 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кетерлігі, қазіргі күні ауданымызда мақта өңдейтін 7 зауыт және 55-ке жуық мақта қабылдау бекеттері шаруаларға қызмет көрсету үшін жиын-терім науқанына толық дайын тұр деп есептелуде.
С.ҚУАНЫШБЕК, Мақтаарал ауданы.
2024-09-05