ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ НЕГІЗГІ БӨЛІГІ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Ауыл шаруашылығы, Өзекті мәселе, Экономика
13/09/2024
2 Views
Астанада өткен ҚР АШМ-нің облыс әкімдіктерімен селекторлық кеңесінде Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына инвестициялар тарту қарқыны талқыланды.
Ағымдағы жылдың 7 айында АӨК-ке 488 млрд.теңге сомасына инвестициялар тартылды, оның ішінде ауыл, орман және балық шаруашылығына – 407 млрд. теңге, тамақ өнімдерін өндіруге-81 млрд. теңге. Оның ішінде 8 айда пайдалануға берілген 82 жобаны іске асыруға инвестициялар. 2024 жылы 66,5 млрд. теңгені құрады.
Инвестициялық жобалардың негізгі бағыттары – мал шаруашылығы, оның ішінде сүт-тауар фермалары және құс етін өндіру, өсімдік шаруашылығы, суару жобалары, өнімді сақтау жобалары болып табылады. Сонымен қатар, ет, сүт және астықты терең өңдеу, сондай-ақ өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту да басымдыққа ие.
Бұл бағыттағы жобаларды іске асыру бойынша Павлодар, Ақмола, Түркістан, Жамбыл және Қарағанды облыстары көшбасшы болды. Сонымен қатар, АӨК саласында бірде-бір жоба Алматы, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында жүзеге асырылған жоқ.
«Бұл жобалардың әлсіз пысықталуын, іске асыруға қызығушылықтың жоқтығын көрсетеді, алайда олардың бұл саланы дамытуда үлкен әлеуеті бар», – деді министр Айдарбек Сапаров өңірлердің жұмысын сынға ала отырып.
Айдарбек Сапаров инвестициялау үшін жағдайлар жасалғанын атап өтті: қаражат тартылды – жеңілдікті несиелер, инвестициялық субсидиялар бар, бірақ жергілікті жерлерде жұмыс істеу қажет.
Жиын барысында министр А.Сапаров әкімдіктерге 2024 жылға жоспарланған инвестициялық жобаларды уақтылы пайдалануға беру жөнінде шаралар қабылдауды, қаржы институттарына – техниканы жаңарту, жаңа технологияларды енгізу үшін жеңілдікті кредиттер мен лизингтік бағдарламаларды ұсынуда икемділікті арттыру есебінен қаржыландырудың барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырды.
2024-09-13