ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН МАҢЫЗДЫ КҮН
Posted by: Қалмұрат
in News, Кәсіпкерлік, Қоғам, Өзекті мәселе, Саясат
19/09/2024
1 Views
Биылғы жылдың 6 қазанында Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен елімізде АЭС құрылысына қатысты референдумның болатыны белгілі. Бұл сайлауда еліміздің болашағына қатысты мәселе көтерілетіндіктен таңдауды барынша ойланып барып жасау керек деп ойлаймын.
Осы референдумда сөз болғалы отырған атом энергиясының басты ұтымды тұсы – оның экономикалық тиімділігі. Әлемде қазір мұнай мен газ бағасы тұрақсыз болғандықтан, біраз мемлекет энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты энергия көзіне көшуді қарастырып отыр. АЭС-тің бір артықшылығы сол, тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзін қамтамасыз етеді. Ол мұнай, газ, көмір сияқты пайдалы қазба байлығына қарағанда, әлдеқайда пайдалырақ. Сосын ұзақ уақыт бойы жарамды.
МАГАТЭ-нің мәліметі бойынша, атом станциясы энергия өндіру құны жағынан көмір станцияларымен жиі бәсекеге түседі. Кей жағдайда атомнан энергия өндіру құны тіпті одан да арзан болуы мүмкін. Мәселен, Франция мемлекетінде елдегі электр энергиясының 70 пайыздан астамы АЭС арқылы өндіріліп алынады. Мұны АЭС саласындағы өзіміздің сарапшылар да мысал ретінде жиі айтады. Францияның атом энергетикасы экологиялық тұрғыдан тиімді екенінен бөлек, ол энергияға деген сұранысты толығымен қанағаттандырып отыр.
Ел халқы көп жылдан бері жан-жақты ойланып жүргенде халқы бізге қарағанда тығыз орналасқан Өзбекстан елі нақты шешім қабылдап Қазақстан шекарасынан небәрі 55 шақырым жерде (Жызақ облысындағы Тузкан көлінің маңында) қуаты 55 МВт. болатын 6 реакторлы атом электр станциясын салып жатыр. Бұл жаңа нысан сол елдің 2050 жылға қарай, екі есе артатын, электр энергиясы тапшылығын өтеуге мүмкіндік береді деп есептелуде. Бұл құрылыста еліміздің азаматтары да жұмыс істеуде деген мәліметтер де бар.
Осы жағдайларды назарға алып, орынсыз қорқынышты қойып референдум кезінде өз таңдауларыңызды дұрыс жасап, алға батыл қадам жасау керек деп есептеймін. Елдің жарқын болашағы Сіздердің қолдарыңызда екенін ұмытпаңыздар!
Нұрлан ҚАСЫМОВ, Жетісай ауданы.
2024-09-19