БІЗ БӘРІНЕ ДЕ ШЫДАЙМЫЗ!
Posted by: Қалмұрат
in PRESS RELEASE, Жаңалықтар
03/10/2024
14 Views
Менің қарсы алдымда 450-дей сарбаз сап түзеп тұрды. Бұл – ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы техникалық және кәсіби даярлық бөліміндегі көрініс. Қарбалас. Өйткені, шекарашылар сапына алынған сарбаздар бөлімнің орталық алаңында саппен жүрудің қырлары мен сырларын үйренуге кірісіп кеткен болатын.
«Біз жанбасақ, лапылдап!..» Осындайда, әрбір өлеңі от болып келетін Мағжан Жұмабаевтың жастары еріксіз еске түсер еді. Ал мына алаңдағы сарбаздар ше? Лапылдап жануға дайын ба? Сөйтсек, дайын екен. тіпті, шекараға тап болып, қалайда шекарашы атану үшін өздеріне қойылатын талаптардың үдесінен шыққандар жетерлік көрінеді. Тағы, мұнда бауыржаншылар мектебінің түлегі де бар. Қуанарлығы сол, кешегі кадет өзінің әскери мектептен алған білімін өзі секілді жас сарбаздарға үйретуге белсене кірісіп кетіпті. Бізді тәнті еткен де жас жігіттің осы қадамы еді. Осының өзі бөлек мақалаға сұранып тұрғандықтан, қатардағы жауынгер Жантемір Жақсылық туралы бөлек қалам тербеуді шештік…
Саптық алаң. Мұнда әскерге қатарына бұрынырақ алынғаны бар, кейінірек келгені бар, барлығы саптық дайындыққа қатысты жаттығуларды орындау үстінде. Қимылдары әр түрлі. Командирі «Оңға» десе, солға бұрылған сарбаздарды көріп, басымызды еріксіз шайқадық…
Десек те, бұл – уақытша көрініс екенін білеміз. Дәл қазір алаңда тұрған сарбаздар енді бір айдан кейін мүлде танымастай болып өзгеретініне, бұйрықсыз қозғалмайтын нағыз шекарашыға айналатындарына сеніміміз кәміл.
Алты немесе тоғыз айдан кейін олардың арасынан суырылып шығып, келісімшарттың әскери қызметшісі, отандық немесе шетелдік әскери жоғары оқу орындарының курсанты болып шығатындары да ғажап емес.
Тек, мұны уақыт көрсетеді.Ал қазір олар да: «білсем, көрсем, үйренсем» деген жалғыз-ақ тілек бар.
Бұл туралы Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары – бөлім бастығы подполковник Сағадат Әуезов бізге берген сұхбатында былай дейді.
– Бүгінге дейін біз 500-ге жуық әскерге шақырылушыны қарсы алып, өзіміздің әбден үйреншікті болған міндетімізге кірісіп кеттік. Жігіттердің арасында спортшы, жоғары немесе арнайы-орта білімділер аз емес. Ақыл тоқтатқан, сабырлы. Үйреткен нәрсені тез қағып алуға тырысып тұрады. Біз деөз кезегінде олармен әңгіме өткізіп, азаматтық борыштарын өтеген соң өздеріне берілетін мүмкіндіктер туралы айтып, жолдарын түсіндіруге тырысамыз. Күні кеше ғана департамент бастығының орынбасары полковник А.Мұналбаев осында келіп, сарбаздармен әңгімелесті. Әскери өмірдің қатал тәртібін түсіндірді. Оқуға түсуге шақырды. Қала берді, шекара басқармасының әйелдер кеңесі де бізге жиі келіп, жеке құраммен жеке жұмыс істеуде.
Осылай, жылдағы дәстүрмен, «бір жеңнен бас бір жеңнен» қол шығармасқ, ұтылмасымыз анық.
Иә, сардар дұрыс айтып тұр еді. Нағыз әскери орта жас сарбаздарға құшағын ашты. Ендігі міндет айқын. «Күз-2024» шақырылымын дайындықтан өтіп, шекарашылық шеберліктерін шыңдаған соң бір-бір мамандық иелері атанып, шекараға аттанады. Бұл үшін олар бәріне шыдауға бар!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.
2024-10-03