Home » PRESS RELEASE » News » ЖАС КАДЕТТЕР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

ЖАС КАДЕТТЕР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

         Болашақ Отан қорғаушылар – еліміздің өскелең ұрпақтарын патриоттық рухқа тәрбиелеу үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар ұшан-теңіз. Атап айтар болсақ, шекара аймақтарындағы мектептерде   әскери-патриоттық клубтар мен әскери сыныптар ашып, жас кадеттердің бастапқы әскери даярлықтарын шыңдауға шындап кіріскен шекарашылардың бұл еңбектері еш кетпегенін айтуымыз керек.
         Айтар болсақ, бүгінге дейін ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің жанынан ашылған «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының кадеттері республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлдесіз оралған күндері жоқ. Бұдан бөлек, Бақытжан Перімбетов басқаратын клубтың кадеттері департамент аясында өтетін шараларға белсене атсалысқандары, олардың тауға жасаған жорықтары жайында ведомстволық газет бетінде аз жазылған жоқ. Енді міне, осынау алғашқы қарлығаштардың клубын жаңа әскери сынып толықтырған…
        Бұл – Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының учаскесіндегі Қырғауылды ауылының К.Ушинский атындағы орта мектебінде ашылған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбы. Департамент бастығы полковник Ә.Каюповтың тікелей қолдауымен, қыркүйектің басында алқызыл лентасы қиылған су жаңа сыныптың 20-дан астам оқушысы бүгін айшықты оқиғаның куәсіне айналды. Өйткені, осы сәттен бастап, олар толыққанды кадетке айналатын болады.
          …Аталған білім ошағының басшысы С.Айтулова бастап келген 8 «Б» сыныбының кадеттерін үстеріне киген формалары ерекшелендіріп тұр еді. Дегенмен, оларды «кадет» деп атауға әлі ерте. Қазір шекара бөлімшесі бастығының тәрбие, идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары аға лейтенант А.Тұраров бастаған шекарашылардың алдында «Кадеттер антын» қабылдайды. Әрі қарай, офицер оларды осы сәттен бастап, кадет болғанын айғақтайтын арнайы сертификатпен марапаттайды.
          Айту керек, біздің алдымызда көзді ашып-жұмғанша кадетке айналып шыға келген балалардың бақыттан бал-бұл жанған жүздерін көру бір ғанибет болып еді. Өздерінің де бүгінгі шараға әбден дайындалғаны, олардың әскерилерге барынша ұқсауға тырысқан қимыл-қозғалыстарынан байқалып тұр.
       Тағы бір қуанарлығы, бүгін 10 сыныптың 5 оқушысы департамент басшысының атына әскери жоғары білім ошақтарына оқуға түскісі келетіндері туралы өтініш қалдырды. Әрі қарай, олардың құжаттарын дайындаумен департаменттің лауазымды тұлғалары айналысатын болады…
         Осылайша, «Ерлік сабағының» тұсауын кескен ант қабылдау рәсімі аяқталып, кадеттер сарбаз ағаларымен бірге естелік суретке түскен соң бөлімшенің өмірімен танысуға кірісті. Алдымен, бөлімшенің желкесінде тұрған шекаралық бақылау мұнарасына көтеріліп, айналаға дүрбі салып, өздерін нағыз шекарашы сезінген кадеттер әрі қарай із зерделейтін қалашыққа барды. Мұнда аға лейтенант Арман Тұраров оларға шекара бұзушының ізін табу үшін не істейтіндері қызықты етіп әңгімелеген.
         Балаларды шекарашылардың ел шебіндегі сенімді көмекшілері – қызметтік иттер де өз тілдерінде «қуана» қарсы алған. Бір қызығы, жай кездері азаматтық киімдегі адамдарды көре салып, айналасын азан-қазанға толтырып шыға келетін иттер біздің жас достарымыздың алдында момақан бола қалған. Сөйтсек, қасқыр иттерді «тыныштандырған» балақайлардың үстіндегі форма көрінеді… Итпісің деген!
           Сөйтіп, қазақ-қырғыз шекарасын көздерінің қарашығындай күзетіп жүрген қаскелеңдік шекарашылардың тыныс-тіршілігімен танысып, ерекше әсерге бөленген «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбының кадеттері шара соңында қайтадан сапқа тұрған. Сосын білім ошағының басшысы Сапура Әлімханқызы өздерін құшақ жая қарсы алып, тамаша көңіл-күй сыйлаған шекарашыларға алғыс айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.
        Айналып келгенде, осының барлығы қатарымызды жас патриоттардың толықтырғанын білдіретін…
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.

About Қалмұрат

Журналистика саласына кездейсоқ келіп қалсам да бұл салаға қызығушылығым оянғандықтан журналистикада жүргеніме 20 жыл болды. Алғашқы еңбек жолымды "Керуенбасы" газетінде корректорлықтан бастадым. Содан бері баспа журналистиканың барлық саласынан өттім. 2 рет газет шығарушы баспагер де болдым. Осы сайтымнан Сіздер өздеріңізге қажетті ақпараттар аласыздар деген ойдамын. Сіздер біздің жаңалықтарымызды: https://www.facebook.com/me/ https://twitter.com/KalmuratD www.sayipqiran.kz%2F%3Fp%3D8202 https://www.instagram.com/saipkiran.kz/ https://t.me/sayipkir арқылы да біле аласыздар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*

x

Check Also

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ МАҚТА ТЕРІМ НАУҚАНЫНЫҢ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

        ...

ОФИЦЕР АТАНҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР АЗ ЕМЕС

        ...

ӨЗДЕРІН ДҮЛДҮЛ СЕЗІНІП…

        ...

ӘЖЕЛЕР РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНЕ ҰЛТТЫҚ КИІММЕН КЕЛІП ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

        ...

ТҮРЛІ СПОРТТЫҚ САЙЫСТАР ӨТКІЗІЛДІ

        ...

МАҚТААРАЛДЫҚТАР АЭС-КЕ ҚАТЫСТЫ ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАУДА

        ...

АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ТИІМДІ ЖАҚТАРЫ МОЛ

        Бүгінгі ...

ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

        ...

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН МАҢЫЗДЫ

        ...

ҰСТАЗЫМ – ҰЛАҒАТТЫМ, ҮЛГІ – ӨНЕГІМ

Мақтаарал ауданының орталық мәдениет ...