ОФИЦЕР АТАНҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР АЗ ЕМЕС
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Өзекті мәселе
07/10/2024
8 Views
Бүгінгі таңда Шекара қызметінің сапына шақырылған жас сарбаздармен сұхбат жүргізу арқылы оларды мерзімді қызметтен кейін әскер қатарында қалуға шақыру жұмыстары қарқын алған. ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник А.Мұналбаев бастаған топ осы аптада Қарасай және Райымбек ауданы бойынша шекара басқармаларының техникалық және кәсіби даярлық бөлімдерінде болып қайтты.
Осыған дейін жазғанымыздай, сарбаздарды алда зор мүмкіндіктер күтіп тұр. «Срочник – 2.0» бағдарламасынан бастап, отандық және шетелдік жоғары әскери оқу орындарына түсу немесе әскерге алынғанға дейін жоғары білім алып үлгергендер бар болғаны курсты аяқтап, офицерлік шен тағу, келісімшарт бойынша қызмет атқару…
…Міне, біздің алдымызда Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы оқу базасында бастапқы әскери дайындықтан өтіп жатқап сарбаздар тұр. 3 қарашаға белгіленген әскери антқа қызу дайындыққа кірісіп кеткен сарбаздардың қимыл-қозғалыстары мен аяқ алыстары көз қуантады. Оншақты бұрын келген кезіміздегі көріністің көзден біржолата ұшқаны көрініп тұр. Саппен жүруге төселген. Демек, әскери өмірге кірігіп кетті деген сөз.
Мінбердің алдына жиналған жауынгерлерге түсіндіру жұмыстарын департамент бастығының орынбасары полковник Арнұр Мұналбаев бастады. Сардар әскерде қызмет етудің маңыздылығы тоқтала келіп, бұл үшін берілетін мүмкіндіктерді ерекше атап өтті.
Иә, жолын жайпап келе жатқан тасқынның жылдар бойы қозғалыссыз жатқан дәу тастардың өзін бұйым көрмейтіні заңдылық. Қақпақылдап әкетеді. Сол секілді, бас тәрбиешінің өзін ықыласпен тыңдаған сарбаздардың көңілінде «құйын» ойнатқаны анық еді. Бұған департаменттен келген майор Р.Смайловтың жоғары оқу орындарына қалай түсуге болатыны туралы кеңестерін қосыңыз.
Осындан кейін-ақ, жан-жақтан қойылған сұрақтардың төркініне қарап, біз сап түзегендердің көбін отандық және шетелдік әскери оқу орындарының қызықтырғанын байқадық. Шекарашылар қатарында келісімшартпен қызмет атқаруға деген ұмтылыстары бар сарбаздар да аз емес екен. Сарбаз Сенім Алдияр әскерге дейін кіші медицина қызметкерлерін даярлайтын колледжді бітірген көрінеді. Ендігі алға қойған мақсаты, Түркиядағы әскери медицина академиясына бағын сынап көргісі келеді… ҰҚК академиясына оқуға түскісі келетін сарбаздың барлаушылар мен тыңшылар, детективтердің көпшілікке білдірмей жасайтын ерліктері туралы кітаптарын көп оқығаны көрініп тұр. Департаменттің бас тәрбиешісіне сұрақ қойған кездегі жас жігіттің көздеріндегі жалынды көрсеңіз…
Осылайша, жүгізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде, 100-ден аса сарбаз саптан шығарылып, олардың таңдаулары қағазға мұқият түсірілді. Сөйтіп белгілі болған 70-тен астам сарбаз әскерден кейін келісімшарт негізінде қызмет атқарғысы келеді, ал қалғандары жоғары әскери білім ошақтарына түсіп, шекарашы офицер атанғысы келеді екен.
…Аталған ауқымды шара Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында да өтіп, осында әскери өмірдің алғашқы әліппесімен танысуды бастап кеткен сарбаздардың арасынан өз болашақтарын шекарамен түбегейлі байланыстыруды шешкендер аз болған жоқ.
Айту керек, аталған шекара басқармасында жергілікті мектептермен тығыз байланыс орнатып, ерлік сабақтарын өткізу жолға қойылған. Нақты дәлелі, осы аптада шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы бойынша филиалының мүшесі отставкадағы полковник Қазақбай Ертышбаев Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, шекара мен шекарашылар туралы рухты әңгіме сағатын өткізіп қайтты.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.
2024-10-07