АУДАНЫМЫЗДА 200 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Әлеумет, Білім саласы, Мерекелік шара
01/09/2024
1 Views
Білім күніне орай ауданымызда «Бірлік» ауылдық округіне қарасты «Өркениет» елдімекенінде 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Осы білім ордасының ашылу салтанатында сөз сөйлеген ауданымыздың басшысы Бақыт Асанов, ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды білім күні мерекесімен құттықтады.
Өз сөзінде Бақыт Насырханұлы ауданымызда жылдан-жылға білім нысандарының материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа озық технологиялармен жабдықталып жатқанын да атап өтті. Сонымен қатар, ауданымызда көптеген білім нысандарының құрылысы жүріп, жаңа әрі заманауи мектептердің қатары жылдан жылға көбейіп жатқанында атап өтті. Мәселен, Мақтаарал ауданы қайта құрылғалы 6 жыл ішінде 20-дан астам жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліпті.
Осы кезге дейін бұл елдімекенде мектептің болмауына байланысты ауылда тұратын 280 оқушы 2-3 шақырымда орналасқан Қ.Пернебаев ауылындағы №34 «Бірлік» және Қоңырат ауылындағы №35 «Болашақ» жалпы орта мектептерінде білім алып келген еді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен болған кездесуде ауыл тұрғындары осы мектеп мәселесін көтерген болатын. Осыған орай, оқушыларға білім беру сапасын көтеру және өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, Түркістан облысының Құрылыс басқармасының тапсырысымен 2022 жылдың маусым айында құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бүгінде өркениеттіктер облыс басшысы мен аудан басшысына өз ризашылықтарын білдіруде.
Жаңадан ашылған мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Ғимаратта физика, химия, информатика, технология кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Сондай-ақ кітапханасы, спорт залы, асханасы бар. Жалпы мұнда оқушылар түрлі спорт, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатыса алады. Нысанның қасбетіне де, жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінген.
Осы жерде атап кетерлік жай, мемлекеттік «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында ауданымыздың аумағына 5 жайлы мектеп құрылысы жоспарланған. Сол бағдарлама аясында 2023-2024 жылдары Атакент кентіндегі 1500 орындық және «Үлгілі» елдімекенінен 600 орындық жайлы мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 2024-2025 жылдары Атакент кентінен 900 орындық және Жамбыл ауылдық округі, Абай елді мекенінен 900 орындық мектептердің құрылыс-монтаж жұмыстары басталғалы тұр. Бүгінгі күні ауданда жалпы 6 мектептің құрылысы жүріп жатса, тағы 3 мектептің құрылысы басталады деп күтілуде.
С. ҚУАНЫШБЕК,
Мақтаарал ауданы.
2024-09-01