ТЕМІР АРҒЫМАҚТАР ШЕРУ ТАРТТЫ
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Жаңалықтар, Мерекелік шара
25/10/2024
8 Views
ҰҚК Шекара қызметінің материалдық-техникалық базасының толыққанды болуы назардан тыс қалған емес. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде ұлан-ғайыр шекараны қорғауға қажетті керек-жарақтар жеткілікті түрде бөлінуде. Осы аптада Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасында өткен ауқымды шара соның нақты дәлелі.
Бүгін мұнда департаменттерге салтанатты жағдайда заманауи үлгідегі 75 автокөліктің кілті тапсырылды. Бұл – ел шебінде жол талғамайтын «JAC Т-6» және оптикалық-электрондық бақылау жүйесі орнатылған «СОБОЛЬ» автокөліктері. Темір арғымақтардың кілттерін жүргізушілерге шекара басқармаларының лауазымды тұлғаларымен бірге бүгінгі шараның қонағына айналған шекарашы ардагерлер табыстап, оларды тарихи оқиғамен құттықтады.
Айту керек, осыдан бір жыл бұрын алғаш рет сатып алынған 60-тан астам «JAC Т-6» жүрдек көлігі шекараға эксперимент ретінде жіберілген болатын. Қуанарлығы сол, шекарашылардың ел шебіндегі қызметіне барлық жағдай жасалған аталған көлік сынақтан сәтті өтіп, ҰҚК Шекара қызметінің жоғары басшылығы шекараны дәстүрлі «УАЗ» автокөлігін толық алмастыра алатын заманауи үлгідегі аталған техникамен жабдықтауға шешім қабылдады.
Бұл туралы салтанатты рәсімде бірінші болып сөз тізгінін алған ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Дәулет Дүйсенбеков:
– Шекара қызметін кезең-кезеңімен қайта жабдықтау аясында әскери техниканың жаңа үлгілері қаралады, нәтижесінде мемлекеттік шекараны тікелей күзететін бөлімшелер осымен екінші мәрте екі мақсатта қолдануға болатын осындай автокөліктерді алып отыр.
Бүгін 75 автокөлік табысталды, бұл – өз кезегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасында құқыққа қарсы іс-қимылды тоқтатуға елеулі үлес қосады деп сенемін, – деді.
Сондай-ақ, шекарашы ардагерлер атынан сөз берілген Шекара қызметінің саңлақ сардары отставкадағы генерал-майор Марат Әлімжанұлы Мәжитов алаңда тізілген автокөліктердің шекарашылар қаншалықты маңызға ие екенін айта келіп, өзінің шекара соқпағындағы естеліктерімен бөлісті. Шекара қорғандарының қызметтеріне сәттілік тіледі.
Бұдан әрі, сөз алған келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгері Қуаныш Ергеш: «Бүгін мен үшін жаңа қызметтік автокөліктің кілтін алу зор мәртебе. Бұл сәт мен үшін ғана емес, мемлекеттік шекараның бойында қызмет атақарып жүрген барлық әріптестерім үшін де аса маңызды! Біз «JAC Т-6» және «СОБОЛЬ» сияқты жаңа автокөліктер шекараларымыздың қамтамасыз ету бойынша тапсырмаларды тиімдірек орындауға көмектесетінін түсінеміз. Мен өзіме сеніп тапсырылған темір тұлпарымды күтіп ұстауға уәде беремін», – дей келіп, шекара бөлімшелерін замануи техникамен жабдықтауға ерекше назар аударып отырған Шекара қызметінің жоғары басшылығына әріптестері атынан алғыс білдірді.
Шара соңында Шекара қызметі директорының орынбасары полковник Д.Дүйсенбеков «Жылдың ең үздік жүргізушісін» анықтаған сайыстың жеңімпаздарын марапаттады. Сонымен, ҰҚК Шекара қызметі Техниканы және қару-жарақтарды жөндеу басқармасының базасында өткен сайысқа Маңғыстау облысы бойынша департаментіне қарасты Қарақия ауданы бойынша шекара басқармасының атынан қатысқан келісімшарт қызметінің қатардағы жауынгері Қ.Ергеш Шекара қызметінің 2024 жылғы ең үздік жүргізушісі атанды.
Әрі қарай, қонақтар су жаңа көліктердің мүмкіндіктерімен танысқан соң темір арғымақтар өз департаменттеріне қарай жолға шықты.
2024-10-25