«ТАЯҚ ТАРТУ» – РУХТЫ ОЙЫН
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Денсаулық, Жаңалықтар, Спорт
31/10/2024
6 Views
Қазақ халқының ежелгі ұлттық ойындарының бірі «Таяқ тарту» қыркүйек айында елордамыз Астанада өткен Дүниежүзілік Көшпелілер ойындарында тізгін қаққаны белгілі. Енді міне, осынау ойын түрі бүгін ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің техникалық және кәсіби даярлық бөлімдерінде алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан, аса тартыспен өтті.
Айту керек, шекарашылар арасында «Таяқ тарту» ойынын өткізу туралы Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы полковник Ә.Каюповтың бастамасын бірден қолдаған Қазақстан Республикасы Мас-Рестлинг (таяқ тарту) федерациясының вице-президенті Т.Қаналиев өзі бас болып, турнир басталар алдында қатысуларға арналған шеберлік сабағын өткізді.
Ал аталған сайыстың өзі шекара басқармасының Ақжардағы оқу орталығының саптық алаңында еліміздің Әнұранымен басталған. Санаулы күндерден соң Отанына адал қызмет етуге ант беруге қызу дайындалып жатқан «Күз-2024» шақырылымы сарбаздарының бүгінгі аяқ алыстары көңіл қуантады. Аз уақыттың ішінде әскери өмірдің алғашқы әліппесімен танысып, шеберліктерін шыңдап үлгергендері байқалады.
Бұдан әрі, спорт залда өткен турнирді ашқан шекара басқармасы бастығының орынбасары – техникалық және кәсіби даярлық бөлімінің бастығы подполковник Сағадат Әуезов алғашқы сөз кезегін аталған федерация вице-президенті, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы Т.Қаналиевке берді. Өз кезегінде Талғат Талапұлы бүгін шекарашылар тарихында тұңғыш рет өткелі тұрған Таяқ тарту ойынының маңызына тоқталған соң турнирдің қатысушылары мен жанкүйерлеріне өзінің командасын таныстырды.
Осылайша, басталып кеткен турнирге «Бүркіт», «Көкжал», «Ақ барс» «Сұңқар», «Қалқан» және «Арлан» командалары қатысып, бақ сынады. Аламан бәйгеге қатысуды шешкен сайыскерлерге федерацияның бас хатшысы, халықаралық төреші Алтын Ақылбек төрелік етті.
Лайықты бағасын беру керек, қазақ халқының ежелгі ойындарының біріне баланған «Таяқ тарту» қатысушыларды ғана емес, көрермендерді де тәнті еткен. Алдымен 50-ден бастап, 80 келі салмақ дәрежесінде өз командаларының намысын қорғаған сарбаздар аянып қалған жоқ. Тіпті, бір-бірімен тайталасқа түскендері сонша, бір сайыскер бойындағы тасыған сұрапыл күшпен қарсыласын отырған жерінен қалай «жұлып»алғанын сезбей қалды… Көзді ашып-жұмғанша екі араны бөліп тұрған «шекараның» келесі бетіне топ ете қалғанын сезбей қалған ойынға қатысушының жеңіске деген үміті осы жерден үзілгенін біле беруге болатын.
Осылайша, қайраттарын көрсетумен шектелмей, ептіліктерінің арқасында қарсыластарын қирата женген сайыскерлерді залдағы жанкүйерлері де демеуден алдарына жан салған жоқ. Әрі қарай, салмағы 80 келіден жоғары әскери қызметшілер шаршы алаңға шыққан. Әрине, бұл жерде де көрермендерді күлкіге қарқ қылған қызық көріністер де болмай қалған жоқ. Сондай-ақ, сырт көзге Қажымұқан атамыз секілді ірі көрінгенімен, тайталасуға келгенде әлсіздік танытқан кейбір әскери қызметшілерге қарап, еріксіз бас шайқауға тура келген.
Ақыры, бірінші болып, Алматы облысы бойынша департаментінде тұсауы кесілген Таяқ тарту ойыны да өз мәресіне жетіп, финалға жолдама алған командалардың өзі іріктеуден өтіп, жеңімпаздар анықталған.
Міне, жалпыкомандалық сайыста 1-орынды «Сұңқар» тобы жеңіп алса, 2-ші орынға «Ақ барс» тобы табан тіреді. Ал 3-ші орынды «Бүркіт» тобы қанжығаларына байлады.
Шара соңында, турнирдің тартысты өтуіне ұйытқы болған ҚР Мас-Рестлинг (таяқ тарту) федерациясының вице-президенті Т.Қаналиев бастаған мәртебелі қонақтар департамент бастығының Алғыс хатымен марапатталды.
Бір сөзбен, шапшаңдық пен ептілікті қатар еншілеген шекарашылар үшін «Таяқ тастау» – рухты ойын екенін көрсетті!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.
2024-10-31