МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТЕР
Posted by: Қалмұрат
in News, PRESS RELEASE, Билік, Хабарландыру
12/11/2024
9 Views
Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – ол жастарды білім, тәрбиеге баулып, мәдени-рухани дамуына, кәсіби біліктілігін арттыруына ықпал ету, нәтижесінде олардың әлеуетін мемлекетіміздің қарқынды дамуына бағыттау.
Бүгінгі күні әлемде еңбектің барлық секторларында адами ресурстарға, оның ішінде жас дарындарға күрес болып жатыр. Осы орайда, талантты жастарды мемлекеттік қызметке тарту – мемлекеттің басты приоритетті міндеттеріне айналды.
Бұл ретте, жастардың мемлекеттік қызметке келуін оңтайландыру мақсатында 2022 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) бірқатар өзгерістер енгізіліп, соның негізінде жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы бағамен аяқтаған (GPA 3.33 төмен емес) түлектер бір жыл ішінде аудан, ауылдағы төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігін алды.
Сол сияқты, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын мемлекеттік грантпен үздік аяқтаған мемлекеттік қызметшілер де бір жыл ішінде жоғарғы лауазымдарға конкурссыз, уәкілетті органның келісімімен тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
Қазіргі таңда, республикада осы мүмкіндіктерді пайдаланған 412 түлек мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасса, Мемлекеттік басқару академиясын үздік бітірген 30-ға жуық мемлекеттік қызметші жоғары лауазымдарға конкурстық іріктеуден өтпестен тағайындалды. Соның ішінде,
Түркістан облысында 33 түлектің орналасуы жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысы «Жастарға жаңа мүмкіндіктер беруіміз керек. Ол үшін жастарды олардың өмірін жақсартуға, мансабы бойынша жоғарылауға арналған әлеуметтік лифттер іс жүзінде жұмыс істеуі керектігін» баса айтқан болатын.
Бұл ретте, жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында, биылғы жылдың 1 наурызынан басталған Өңірлік кадр резервінің іріктеуіне 35 жастан аспаған, жоғары білімді, 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар 634 жас өтініш білдірсе, соның 30-ы іріктеудің нәтижесімен резервке алынды.
Резервке алынғандарға Заңның 15-бабына сәйкес, сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігі берілген.
Осыған баланысты, бүгінде резервке қабылданғандар арасынан 7 резервші, яғни оның 2-уі мемлекеттік қызметке алғаш рет, ал 5-уі төменгі лауазымнан келесі тұрған жоғарғы санаттағы лауазымға конкурссыз орналасты.
Айта кету қажет, мемлекеттік қызметшілер қатарында білімді, өзін-өзі дамытуға дайын жастар көп. Олардың бірқатары осыған дейін Президенттің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылып іріктелініп алынған Президенттік жастар кадр резервінің 400 резервшісі.
Қазіргі таңда олардың 280-ге жуығы, яғни 70%-ы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарда болса, бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етуде.
Президенттің 2024 жылғы 17 шілдедегі № 602 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың
2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында мемлекеттік қызметті кәсібилендіру тетіктерінің бірі ретінде мемлекеттік қызметте ерте кәсіптік бағдарлау институтын енгізе отырып, жастардың мемлекеттік секторда жұмыс істеу қажеттілігі көрсетілген.
Сондай-ақ, жастарды мемлекеттік органдарға тарту үшін мектеп және университет деңгейін қамтитын ерте кәсіптік бағдарлау институты құрылатыны айтылған. Өз кезегінде, Департаменттің бастамасымен 2018 жылы «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебі құрылып, бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Оған әр жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің жоғарғы курс студенттері тартылып, мемлекеттік органдарда өндірістік тәжірибеден және Мемлекетік басқару академиясының филиалында дайындық бағдарламаларынан өтуде. Ендігі жерде олар заңнаманы білу және жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден өтіп, мемлекеттік сектордағы таланттар пулына қабылданады.
Бүгінде, Түркістан облысында 6 мыңнан астам мемлекеттік қызметші болса, оның ішінде 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 2 мыңнан асады (38,5%). Осы орайда, жастарды мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтарды пайдаланып, ел игілігі жолында жұмыс істеу үшін мемлекеттік қызметке түсуге шақырамыз!
А. НАУРЫЗБАЕВ,
ҚР Мемлекетік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.
2024-11-12